Айтмұхан Омаров – Қонаев тұрғындарының алғысын алған адам

Ел алғысын алған адам.

Қонаев қаласында автобус паркінің жүргізушісі Айтмұхан Омаровты тұрғындар жақсы таниды. Ол күн сайын  жолаушыларды діттеген жеріне жеткізіп, халық ықыласына бөленіп жүр. Қызметін адал атқарып, жастарға үлгі болған еңбекқор жанмен тілшіміз тілдесіп қайтты.

Автопарк жұмысы таңғы сағат 6-да басталады. Мекеменің ардагері Айтмұхан Омаров жұмыс кестесінен кешікпейді. Міндетті дәрігерлік тексерістен өтіп, қажетті нұсқаулықтарды тиянақтаған соң көлігін жолға әзірлейді. 25 жыл бойы жолаушы тасымалдайды. Қиын-қыстау кезеңдерді өткеріп, бұл күні жаңа автобусты тізгіндеген. «Бұл істе ең бастысы – адал еңбек атқарып, халықпен сыйласа білу», - дейді.

Айтмұхан Омаров, автобус жүргізуші:

- Ертеңгісін кәдімгі доктор болып жұмысқа келеміз. Халықпен бірге істейміз. Халықты тасып, рақметін алу керек қой бізге. Әлі күнге дейін көшеге шығып кетсең, сәлемі көп. Халыққа разымын мен. Қапшағайдың халқына, базарға, демалғанда шықсаң, бәрі сәлем беріп жатады. Оған мен разымен. Соған қарағанда біздің халық тасып жүрген шопырларымыздың жақсылығы.

Биыл қалалық автобус паркі толық жаңарып, 26 автобус алынды. Шеңгелді, Арна, Сарыбұлақ, Қосқұдық ауылдарына жолаушылар тасымалы жанданды. Жалпы ай сайын қала аумағында 215 мың адам тасымалданады. Жұмыс сапасын жақсартуда ардагер жүргізушілердің тәжірибесі керек.

Мұрат Мәлік, автобус паркі директорының орынбасары:

- Жүргізуші кісілердің арасында ең үлкен ақсақалымыз. Жол көрсететін, ақылын айтып отыратын Айтмұхан ағамыз қазір. Айтмұхан аға сияқты тәжірибелі жүргізушілер әрдайым қажет. Арамызда біраз кісілер бар жұмыс істеп жатқан.

Айтмұхан Омаров 7-ші бағыттағы қоғамдық көлікті жүргізеді. Күнделікті 40 шақырымнан астам жол жүреді. Қала тұрғындары мен әр көше оған жақсы таныс.

Айтмұхан Омаров, автобус жүргізуші:

- Менің көз алдымда балалардың өскені, үлкендерің қартайғаны – бәрі таныс. Қай жерден мінеді. Қай жерлен түседі. Халқымаз аман, заманымыз тыныш болсын.

Қонаев Алматы облысының орталығы болғалы бері халық саны 10 мың адамға өсті. Қалада жаңа автобус маршруттары ашылды. Көшелер кеңейіп жатыр. Зейнет жасына кеп қалған Айтмұхан Омаров: «70-ке жеткенше 7-ші бағыттағы автобуспен қызмет көрсетуге дайынмын», - дейді.

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев.