Жаңажылдық дастарханыңыз әзір ме?

Мереке таяп қалды. Жаңажылдық дастарханыңызға қандай ас, тәтті-дәмді қоятыныңызды ойландыңыз ба?

Мәзіріңіз әзір болады-ау! Бірақ жаңа жыл келді екен деп әр нәрсені жей беруге де болмайды екен. Аспаздардың да кеңесін тыңдай жүрген жөн.

Санаулы күннен соң барлық отбасы жаңа жылдық дастархан басына жиналмақ. Әр үйдің мәзірі әртүрлі десек те, мерекелік тәттінің түр-түрі дастарханға қойылары анық. Бірақ ауыр тағамдарға алдымен асқазанды дайындап алған дұрыс.

Бақытжан Бейімбетов, гастроэнтеролог:

- Жаңажылдық дастарханға ашқұрсақ отырған дұрыс емес. Оның алдында 1-1,5 саған жүрек жалғау дейді ғой, аз ғана тамақтанып, ашықпау жағын ойлау керек. Егер ашқұрсақ дастарханға отырсақ, тамақты көп жеп қоюымыз мүмкін.

Жаңа жылды қарсы алатын күні көпшілігіміз дастархан қамына ғана мән беретініміз жасырын емес. Алайда бұл тек үстел басында өткізетін мейрам емес. Асқазанға ауырлық түсірмес түрлі отбасылық шоу-бағдарламаларды да дайындап қойған жөн екен.

Гауһар Серікқалиқызы, диетолог, нутрициолог:

- Жаңа жыл деген ол көбінесе эмоция ғой. Жақсы эмоция, біз өзіміздің жанұямызбен жақсы көңіл-күйде отырып, жақсы араласып деген сияқты, тек қана дастархан басында отыра бермей, бір рет тамағымызды жеп, жүріп, ойын ойнап, жанұямызбен шоу-программа жасайық сонда жақсы болады.

Мерекеде жұрттың бәрі үйде отырмайды, әрине. Қонаққа барады. Мейрамханадан ас ішеді. Мамандар сыртта тапсырыс бергенде де алдымен асқазанды ойлаған абзал дейді.

Сандуғаш Сағындықова, бас аспаз:

- Бізде көптеген организмге пайдалы шөптерден түрлі салаттар жасалады. Содан кейін бешбармақ немесе бұқтырылған сиыр етін алады бірінші ыстық тағамға, ал екінші тағамға балық стейгін дайындаймыз.

Иә, ас – адамның арқауы деген бар. Сол себепті бірер күндік мерекеде тамақтың да пайдалы тұсына мән беріңіз. Мамандар асты мөлшермен, ал суды көбірек ішіп, қозғалыста болу маңызды дейді.

Мөлдір Молдағали, Руслан Әлиев, «24.KZ».