Ақтаулық балақайдың жаңажылдық тілегі орындалды

Аяз атаға хат жазып, жаңа жылдық сыйлық күткен ақтаулық Әлинұр Аязханұлының тілегін әскерилер орындады.

Екінші сынып оқушысы қаладағы жауынгерлік жүзушілердің элиталық бөлімшесімен танысуды сұраған. Жеткіншектің арманы орындалды. Енді ол өскен соң өмірін осы саламен байланыстырамын деп  отыр.

Сегіз жастағы Әлинұр Аязханұлы өскенде әскери қызметші болуды армандайды. Сондықтан аяз атаға жазған хатында арнайы жасақ мамандарымен кездесуді сұраған. Өтініші аяқсыз қалмады.  

Әлинұр әскерилермен алғаш рет бассейнде. Бастапқыда аздап қобалжығаны рас. Дегенмен, кішкентай қонақ көп кешікпей су костюмдері мен арнайы аквалангтарды қызықтауға кірісті. 

Ерекше экскурсияға Ғабит Жанғалиұлы жауапты. Оның айтуынша, жауынгерлік жүзгіш - жан-жақты маман. Себебі олар бірнеше жыл бойы арнайы бағдарлама бойынша дайындалады. Әбден шыныққан соң болар, сындарлы сәтте шалт қимылдап, кез-келген тапсырманы тиянақты орындайды.  

Ғабит Жанғалиұлы, әскери қызметші:

- Судың астында барлығы өзгеше болады. Үстіңе неопреновый костюмді киіп алып, мен водолазбын деп суға секіре салудың да қажеті жоқ. Өйткені судың астындағы әлем ол бөлек әлем. Сондықтан да өте мықты дайындық керек.  

Әлинұр жүзуді енді үйреніп жатыр. Бүгін ол су костюмдерінің екі түрі болатынын білді.

Әлинұр Аязханұлы, Ақтау қаласының тұрғыны:

- Мен осында келгеніме қуаныштымын. Үлкен ағалардың жаттығулары ұнады. Болашақта спецназ боламын.  

«Тілектер шыршасы» акциясы еліміздің барлық әскери бөлімдерінде өтеді. Қарулы күштер министрлігінің өкілдері мұндай шара балалардың өз болашағын әскери саламен байланыстыруға септігін тигізеді деген пікірде.

Самат Қайырденұлы, Тамара Степанова, Ренат Досалиев