Қостанай облысында ауыз сумен қамтылған ауыл көбейді

24.kz

Қостанай облысында биыл 13 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылып, 26 ауылға суды тазарту, тарату бекеттері қойылды.

Соның арқасында сапалы ауыз сумен қамтылған тұрғындардың саны артты. Нақты айтсақ, бұл көрсеткіш 86,6 процентке жетті. Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін Қазақстан халқын толық таза сумен қамтамасыз ету керек деген тапсырмасы өңірде қалай іске асып жатыр?

Аманкелді ауданының Қарасу ауылының тұрғындары үшін бұл көптен күткен қуаныш. Бұрынғы құбыр әбден ескіргендіктен осыған дейін ауызсу уақытпен ғана беріліп келді. Кейде оған да зар болып қалатын. Енді міне ол қиындықтың бәрі артта қалды.

Ғабдолғабит Садықов, Қарасу ауылының тұрғыны:

- Үйге қосылды, соған байланысты бізде заманауи туалет қойып, ванна қойып, соның бәрін орналастырып, мінеки қаланыкіндей жағдайға жетіп отырмыз қазір.

Қарасу ауылына жаңа құбыр тарту жұмысы екі жыл бұрын басталып, биыл аяқталды. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жоба құны 600 миллион тенге. Қазіргі кезде 180 үйге су кіріп тұр.

Ғасырсейіт Қоржынбаев, Қарасу ауылдық округінің әкімі:

- Оның сыртында құрылыс сметалық жоба кезінде мынау біздің ауыл орталығынан жеті шақырым жерде Сәт ауылы орналасқан. Шаруа қожалықтары сол жерде шаруалар жүргізіп жатыр. Өсіп келе жатқан сол ауылдың да мәселесін шешіп, ол ауылға да ауызсу тартылып берілді осы қаражаттың ішінде.

Жалпы Амангелді ауданында 30 елді мекен болса, соның бүгінде тең жартысында сапалы ауыз су бар. Жоспарға сәйкес алдағы екі жылда қалған ауылдар да толық қамтылады. Ал облыс бойынша ресми мәліметке сүйенсек, тұрғындардың 86 проценті таза су тұтынып отыр. Келер жылға міндет, кемі 90 процентке жеткізу.

Алмат Ғаббасов, облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:

«2024 жылы елді мекендерді таза сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасатын болады. 34 жобаға республикалық бюджеттен 12,6 миллиард тенге бөлу жөніндегі біздің сұраным бастапқы кезеңде қолдау тапты. Егер 2024 жылы белгіленген барлық нысандарды іске қоссақ, қала тұрғындарының 99 проценті, ауыл жұртының 90 проценті сапалы ауыз сумен қамтылады».

Астықты өңірдің даму жоспарына сәйкес, осы және келер жылы құны 21 миллиард тенгеден асатын 69 коммуналдық жобаны жүзеге асыру көзделген. Соның биыл басым бөлігі іске қосылды.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг