Жаңа жыл қарсаңында еріктілер балаларды қуантып жатыр

Кейінгі 3 жылда елдегі еріктілер қызметінің белсенділігі екі есе артты, деп хабарлайды 24KZ.

Бұған әсіресе Мемлекет басшысының волонтерлер жылын жариялауы ықпал етті. Бірі қиналған жандарға қаржылай көмек көрсетсе, енді бірі жүрек жылуымен демеп жүр. Жаңа жыл қарсаңында жасалған қайырымдылық шараның біріне арнамыздың тілшілері куә болып қайтты.

Елордадағы ерекше балаларға арналған коррекциялық-дамыту орталығында бүгін қуаныш. Себебі ойыншық, түрлі тәттілерден базарлық мереке лебін сезінтті. Балаларға жылы қысқы киімдер де тарту етілді.

Күлімжан Талапхан, ата-ана:

- Мен – Қайсардың анасымын. Осы Дарын орталығына ұлым келіп жүргеніне 1 жылдан асты, аутизм диагнозымен. Міне, жаңа жылға орай «Каспий-Арал экосистема жаңғырту» қайырымдылық қорына алғысымды білдіргім келеді. Осындай көңіл бөліп, бізді қуантып жатқанына алғысымды білдіремін.

Дархан Ажмолдаев, коррекциялық-дамыту орталығының басшысы:

- Бүгін біздің орталығымызға өте қуанышты күн. Ойда жоқ жерден осындай қайырымдылық қоры осы кісілерге алғысымыз шексіз. Әрі қарай да бірігіп, балаларды дамыту жолында іс жасасақ, мен ойлаймын, одан артық, күшті нәрсе болмайды деп.

Жанболат Надыров жыл сайын осындай қайырымдылық шараларына мән береді. Табысының бір бөлігін игі іске бағыттауды дәстүрге айналдырған. Бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігі артып жатқанына қуанады.

Жанболат Надыров, Каспий-Арал бассейнінің экожүйесін қайта жаңғырту қайырымдылық қорының негізін қалаушы:

- Жаңа жылдың алдында көмек ретінде өз жағымыздан қор арқылы бұндай сыйлықтарды жыл сайын жасаймыз. Басқа уақытта да, наурызда отбасыларға, мүмкіндігі жоқ, жұмыстары жоқ көпбалалы отбасыларға ақшалай сыйлық, азық-түлік түрінде көмек көмектесеміз.

«Жасыл желкен» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Күлзат Қасымға волонтерлік қызмет бала күнінен таныс. Өзгеге қуаныш сыйлауды жаны сүйеді.

Күлзат Қасым, «Жасыл желкен» ҚБ төрағасы:

- Балалар біреуі түсініп жатуы мүмкін, түсінбеуі мүмкін, бірақ аналары дәл осындай жағдайда жүргені – ол өте қиын нәрсе. Балаларының назарсыз қалмағанына қуанып жатқанын көрсең, осындай 15 минуттық қуаныш болса да, өздерінің таңдаған ойыншықтары, талғамдары да керемет екен, сондықтан болар бұл ерекше балалар болып тұрғаны. Милары жақсы жұмыс жасайды, бірақ бұл балаларға өте көп назар керек.

Статистика бүгінде 14 пен 30 жас аралығындағы еріктілер саны басым екенін көрсетіп отыр. Әрине, көмек қолын созам деушілердің жасына шектеу жоқ. Оқушыдан бастап зейнет жасындағы азаматтар да волонтерлік ұйымдарға көбірек атсалысып жүр.

Бауыржан Жұмат, Республикалық волонтерлер фронт-офисінің аймақтар бойынша менеджері:

- 2020 жылы «Волонтерлер жылы» болып белгіленген болатын. Осы жылдан кейін волонтерлік елімізде ерекше серпінмен дамыды деуге болады. Алдыңғы уақыттарда волонтер дегенді, мағынасын, олар немен айналысатынын халқымыз түсіне бермейтін болса, қазіргі таңда оны білмейтін адам кемде-кем.

Елде 240 мыңға жуық волонтер бар. Кейінгі 3 жылда еріктілер қызметінің белсенділігі екі есе артқан. Жомарт жандар биыл 24 бағыт бойынша 4,5 мың іс-шара өткізіп, жабырқаған көңілге қуаныш ұялатты.