Жолды цифрлық құжаттандыратын бағдарлама әзірленіп жатыр

Жолдарды автоматты түрде құжаттандыруға мүмкіндік беретін бағдарлама әзірленіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Ол үшін цифрлық бейнетүсірілім мен IT саланы біріктіріп қолданады. Әлемдік технологияның игілігін еліміз де көріп отыр. Бұдан былай жолдың сапасы туралы ақпаратты жылдам алуға болады.

Тың жоба Ақтөбе облысында қолданысқа енді. Өңірде тозығы жеткен жол көп. Цифрландыру арқылы қай аралыққа қандай жөндеу жұмыстары мен қанша қаржы керектігін аймақ басшылығы уақытылы біліп отырады.

Айбек Қайер, облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Бұрын 650 шақырым ғана жолдың жай-күйі жайында толық ақпарат болған. Қазір бұл көрсеткіш жолды цифрлық құжаттандыру арқылы шамамен мың шақырымға дейін ұлғайды. Тасжолдар мен көшелердің қай бөлігіне асфальт төселген, қай бөлігіне топырақ себілген бәрін білеміз және ұдайы бақылап отырамыз.

Келер жылы Ақтөбе облысында аудандық маңызы бар жолдар туралы дерек цифрлық құжатқа енгізіледі. «Қазақстан жол ғылыми зерттеу институты» бұл тың жобаны Астанада да іске асырмақ. Жаңа технология Қазақстан жолдарының сапасын арттыруға және шұрық-тесікті дер кезінде бітеп отыруға мүмкіндік береді, - дейді мамандар.