Маңғыстауда әйелге күйеуінің зорлық-зомбылық жасауы көбейген

Маңғыстау облысында биыл 1400-ге жуық әйел күйеуі тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған.

Олардың кейбірі Ақтау қаласындағы екі анонимді орталықта тегін көмек алды. Аймақта биыл тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі 30% өскен. Сарапшылар үйдегі озбырлықтың туындауына алкоголь мен құмар ойындары себеп болатынын айтады.

- Супруг у вас не работает, соответственно взыскать с него алименты будет очень сложно.

Ақтау қаласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсету орталығы заңгерінің қабылдауында тағы бір адам келді. Шолпан есімді әйел күйеуінен көптен бері қорлық көріп жүр. Айтуынша, отағасы ішімдік ішіп, үйдің берекесін қашырады.

Шолпан:

- Мен көп балалы анамын. Өмірімде ұрыс-жанжан көп болады. Күйеуім арақ ішеді. Ішкен кезде біздерді ұрады. Постоянно қорқып, қашып жүреміз. Осындай ситуацияда жүргеніме біраз болды.

Шолпан сияқты қорлық көрген 15 әйел биыл орталықтан пана тапты. Мұнымен қоса сенім телефонына хабарласып көмек сұрайтындар да бар.

Райхан Бекманова, әлеуметтік жедел жәрдем орталығының директоры:

- Әсіресе демалыс және мереке күндері қоңырау саны күрт артады. Біз адамдарды кез-келген уақытта қабылдаймыз. Көбіне 25 пен 45 жас аралығындағы әйелдер келіп жатады. Олардың басым бөлігі көпбалалы аналар. 

Биылғы жылдың 11 айында облыста тұрмыстық зорлық-зомбылық 31% өсті. Сондықтан өңір прокурорлары үйлестіру кеңесінің отырысында осы мәселені талқылады.

Мерген Меңдіғалиев, облыстық прокуратураның басқарма басшысы:

- Жауапкершілік күшейтілді. Бұрын біз жәбірленушілердің өтініштері бойынша ғана әрекет ететінбіз. Ал қазір үшінші тұлғалардың хабарламалары аясында шара қолданамыз. Яғни көршілері не болмаса куәгерлер арыз берсе, біз барлығын тергеп тексереміз.

Былтыр өңірде 908 әйел күйеуінен қорлық көрген. Ал қазіргі уақытта облыста тұрмыстық зорлық- зомбылық бойынша  екі мыңға жуық адам есепте тұр.   

Самат Қайырденұлы, Тамара Степанова, Саламат Бекбаев