Павлодар облыстық мұрағатында 100 мың құжат сандық форматқа көшірілді

Павлодар облыстық мұрағатында 111 мыңнан астам құжат цифрландырылды, деп хабарлайды 24KZ.

«Архив-2025» бағдарламасы аясында құжаттарды сандық форматқа көшіру мақсатында заманауи құрал-жабдықтар сатып алынды. Бұған 52 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар деректерді бірыңғай ақпараттық жүйеге енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Облыстың мұрағат қорында бір миллионнан астам құжат бар. Қағаз күйіндегі деректерді цифрландыру соңғы бірнеше жылда қолға алынған.

Ендігі мақсат – бұл істі барынша жеделдету. Соңғы 2 жыл бойы заманауи құрал-жабдықтар сатып алынып жатыр. Сонымен қатар бұл іспен айналысатын ақпараттық технологиялар атты арнайы бөлім құрылды.

Қаражан Татбай, облыстық мемлекеттік мұрағат басшысының орынбасары

- Цифрлық форматқа көшірудің негізгі мақсаты – құжаттарды ұзағынан сақтау, іздеуде жылдамдықты арттыру. Павлодар облысында сандық форматқа көшіру жұмысы 2018 жылы басталған болатын. Соған байланысты аса жылдамдықты «поточный» дейді сканер сатып алынды, бір планетарлы сканер сатып алынды. Сақтау көлемі 450 терабайт болатын деректор қоры сервер сатып алынды.

Облыстың мұрағыттық қызметі 1925 жылдан, яғни Павлодар облысының құрылған кезінен бастау алады. Бүгінде қорларда бағалы құжаттармен қатар «аса құнды» санатқа жататын 3 мыңнан астам мәлімет жинақталған. Олардың қатарында қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаевтың жеке ісі бар.

Күләш Есімханова, мұрағатшы:

- Аса құнды құжаттардың қатарында Қаныш Сәтбаевтың жеке құжаттары бар. Деректер 1918 жылы Баянауылда жүргізілген ғылыми-техникалық өңдеу жұмыстары барысында табылды. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары Қаныш Имантайұлы ауырып, туған жеріне келген. Сол сәтте баянауылдық соттың бесінші учаскесінде жұмыс істеген. Осылайша, жеке істері сақталып, осы күнге дейін жетті.

Бұл – аса құнды құжаттардың бір парасы. Мұрағатта өңірдің көне географиялық карталарының үлкен коллекциясы бар. Мәселен, Павлодар уезінің бұл картасы 1826 жылға тиесілі. Мұрағат қорында сонымен қатар облыстың танымал тұлғалары жайлы мәліметтер мен облыстың құрылу кезеңдерінен сыр шертетін тарихи құжаттар сақтаулы. Олардың барлығы кезең-кезеңмен цифрландырылмақ. Жоспар бойынша келесі жылы 38 мың іс сандық форматқа ауыстырылады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков.