Қызылорда облысында 15 дәрігерлік амбулатория ашылды

Қызылорда облысында биыл 15 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді, деп хабарлайды 24KZ.

Барлығы шалғайдағы елді мекендерде салынды. Облыс орталығында да бірнеше медициналық нысанның құрылысы басталды.

«Үлкейген сайын бас ауырып, балтыр сыздау жиіледі. Ауылдағы дәрігерге қаралып, ем-дом алып жүрмін. Емхананың жаңадан салынғаны дұрыс болды. Ескі ғимараты өте тар еді»,  -дейді 75 жастағы ауыл тұрғыны Шырын Жүсіпбаева.

Шырын Жүсіпбаева, Ақжар ауылының тұрғыны:

- Бұрынғы амбулатория ескі еді ғой. Бұрынғы жеке үй болған. Бұрынғысы да біраз жыл жұмыс істеді. Бірақ іші тар еді ғой. Мынаның іші өте кең, жақсы екен, адам жататын жерлері де, бөлмелері де. Әр дәрігерге бір-бір бөлмеден.

Ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғырту ұлттық жобасы аясында өңірде 2 жылда 27 медициналық нысан салу жоспарланған. 15-інің құрылысы биыл аяқталып, іске қосылды. Соның бірі – Жалағаш ауданының Ақарық ауылынан бой көтерді.

Мардан Тастемірұлы, дәрігер:

- 5 мың көлемінде халыққа қызмет көрсететін орталық болып есептеледі. Емхана заманауи аспаптармен қамтылған. Оның ішінде электрокардиография және әртүрлі зертханалық аспаптармен де қамтылған.

Облысқа соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған жылжымалы медициналық кешен берілді. Шалғайдағы елді мекендерді аралап, денсаулығы сыр берген тұрғындардың диагнозын анықтау мүмкіндігі туды. Бұл – қатерлі дерттің алдын алуға да тиімді береді, - дейді мамандар.

Олжас Ысқақов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Жалпы 5,4 миллиард теңгеге медициналық құрал-жабдықтар алынды. Сол құрал-жабдықтардың 3,4 миллиард теңгесі осы ана мен бала денсаулығын сақтау саласын жақсартуға бағытталған құрыл-жабдықтар алынды. Жалпы облысымыздың өлім-жітім көрсеткіші 5%-ке төмендеп отыр. Ана өлімі көрсеткіші 6 есе төмендеп отыр, сәби өлімі көрсеткіші 25%-ке төмендеп отыр.

Мұнан бөлек өңірде 9 денсаулық сақтау мекемесінің ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орынды көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Ал жаңа қан орталығы келесі жылы пайдалануға беріледі.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.