Ескінің көзі, естінің сөзі

21 ғасыр. Технологияның дамыған заманы. Бірақ өлеңдерін әлі күнге компютер емес мәшеңкемен басып жүрген ақын бар десе сенесіз бе?

Оның үстіне бұл ақын өзгелер құсап оқуды журналистика болмаса филологиядан емес политехникалық институттан бастаған. Бірақ қазір жаңа технологиядан көрі, ескінің көзіне адалдығы басым. Не десек те ақынға шабыт беретін болып тұр ғой ескі мәшеңке.

Жалпақ жұртқа Иранғайып атымен танымал ақын Иранбек Оразбаевтың көк мәшеңкесі өзімен бірге 47 жыл бойы жасап келеді. 1976 жылы 350 сомға сатып алған екен. Содан бері қаламы да, қаруы да осы – ескі досы.

Поэзияға бір табан жақын, математик Асқар Жұмаділдаевқа қаншама адам телефон сыйлағанмен, жақындарына беріп құтылады. Осы жасына дейін телефон ұстаған емес. Ал Олимп шыңына шәкірт оздырған бокстан ұлттық құрама жатытықтырушысы Мырзағали Айтжанов телефон ұстағанмен, әлеуметтік желіге кірмейді, шама келсе телефон да ұстамауға тырысады.

Мырзағали Айтжанов, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері:

- Жалпы өзім оны қолдана бермеймін. Қолдануды да қызық көрмеймін. Оған бір ынтам жоқ. Уақытты көп алатын нәрсе деп ойлаймын. Өзіміздің құрамадағы жігіттерге де ескерту жасап отырамын. Залдың ішінде тыныштық болады. Ешкім телефонмен жүрмейді, ешкім сөйлеспейді әркім өз жұмысын атқарады.

Заманында сөз зергері Ғабит Мүсірепов жазуға отырғанда үстелінің үстіне алма қояды екен. Арнайы үстел жасатып түрегеп тұрып жазған деген де деректер айтылады. Мұқағалидың да Абайдың мүсінімен сөйлесетіні бар.

Анаргүл Ибраимбекова, психолог:

- Адам дарынды болатын болса, талантты болатын болса және барлық ішкі қабілеттерін қоғамға деген пайдамды келтіремін деген адамдар да бар. Бірақ бұлар өзінің пайдасын цифрлық технологияларды қолданбай-ақ жеткізуге болады деп ойлайды. Кейбір адамдар цифрлық технологияларды қолданбаудың басты себебі олар қоғамдық изоляциядан қорқады. Яғни ол адамдар реалды емес өмірден көрі шынай өмірде өмір сүріп, сол арқылы адамдармен тығыз қарым-қатынас жасау дұрыс деп санап жатады.

Иә, екі дүние! Жасандылықтан ада жұрттың танымы да түсінігі де бөлек. Психологтың айтуынша мұндай тұлғалар виртуалды өмірге қарағанда шынайы қарым-қатынас құрғанды ұнатады. Олардың ойы қоғамға пайда әкелу ғана.

Әлішер Әли, «24.KZ»