Шымкентте жолаушы тасымалымен айналысатын компанияларға негізсіз субсидия төленген

Саладағы заңсыздық әрекеттерді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері әшекереледі. 

Былтыр әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы үш бірдей автопарк жаңа автобустарды лизингке алған. Алайда қоғамдық көліктің құны нарықтағы бағасынан 25 %-ке қымбатқа есептелген. Сондай-ақ өзге де тасымалдаушы мекеме өкілдері автобустардың қосалқы бөлшектерін сатып алуға қағаз жүзінде қымбат баға көрсеткен. Осылайша жергілікті қазынаға жалпы сомасы 1,9 миллиард теңге шығын келтірілген. Қазіргі таңда әкімдік өкілдері субсидияны кері қайтару үшін сотқа жүгініп, мәжбүрлеп өндіру тетіктерін қарастырып жатыр. Сондай-ақ, экономикалық тергеп-тексеру департаментінде аталған заңсыздықтар бойынша іс қозғалды. Айта кетейік, былтыр тасымалдаушы 11 компанияға 23 миллиард теңге субсидия төленген. Қыруар қаражат мекеме шығындарының бір бөлігін өтеуге бағытталған.

Ролан Ибрагимов, қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Тасымалдаушылар екіншілік лизингті екіншілік нарық деп түсініп, қайта бағалау істеген ғой 25%. Барлық артық төленген қаржылар бойынша тиісті хаттар жолданды. Мерзімі өтті ол хаттардың жауап беру. Бізге жауап келмеуіне байланысты біз қазіргі таңда оны сот арқылы өндіруге жұмыс істеп жатырмыз.