Еріктілер қар құрсауында қалғандарды құтқарды

Қарағандылық көлік жүргізушілер қатты боранда полиция мен ТЖ мамандарына көмектесіп, қар құрсауында қалғандарды құтқаруға қосқан үлесі үшін марапатталды.

Облыста не бары бір тәулікте 300-ге жуық адам құтқарылған. Арасында балалар да бар.

Арқаның ақтүтек бораны қаңтардың алғашқы күндерінен-ақ айбарын көрсеткен. Мұндайда Астана мен Қарағандының арасындағы жол кірер жері бар, шығар тұсы жоқ қақпанға айналады. Мереке қарсаңында облыстың барлық күштік құрылымдарымен қатар, Қарағандыдағы жол талғамайтын көлігі бар ерікілер тобы да қалың қарға белшесінен батқандарды құтқарды.

Виталий Бош, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Біздің еріктілер тобында 60-қа жуық адам бар. Осыдан бұрын көктемгі су тасқыны кезінде, оңтүстік шығыстағы мектептің біріне ағын су кірген кездерде де гуманитарлық көмек тасыған болатынбыз.

Осы жолы да полициямен бірге құтқару операцияларына сұранып, Астана мен Қарағанды ортасындағы Батпақ ауылының маңындағы ірі жол көлік оқиғасынан кептелген көліктерді қалың қардан шығардық. Нәтижесінде жол тазалайтын көліктер өтіп, жолда қалған өзге жолаушыларға жол ашылды.

Бұл күндері Елорда мен кеншілер қаласының арасындағы 180 шақырым жолды 12 сағат жүріп өткендер бар. Ескертуді елемей жолға шығып кеткендерге авто колона ұйымдастырылған. Тек кешегі бір күнде 31 адам, оның ішінде 5 бала құтқарылды. Жалпы алғанда 300-ге жуық адам қауіпсіз жерге жеткізілген.

Санжар Әділов, облыстық ПД басшысы:
- Өткен 5 күнде мыңдаған көліктен 7 мыңға жуық адам құтқарылды. Оның ішінде 800-і бала. Күштік құрылыммен қатар еріктілер жасағы бізге ерекше көмек көрсетті. Сондықтан сіздердің азаматтық ұстанымдарыңызға алғыс білдіргім келеді.

Ерлан Төлеуов, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Бізге хабарласып айтты ғой, жолда көмек керек деп. Жолды тазалауға, көлік тартуға. 10 көлік болды ішінде көмекшілермен бірге. Әйелдер, балалар болды, бәрін апарып, пунктарға әкелдік.

Қарағанды облысында соңғы бір аптада Республикалық және облыстық маңызы бар жолдар 60 мәрте жабылды. Осыған қарамай жолға шыққан 177 жүргізуші жол апатына ұшырап, 11-і зардап шеккен.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар