Депутаттар №3 сорғы-сүзгі стансасына барды

Соңғы жылдары елорда халқының саны күрт өсіп, қалада инфрақұрылымның қарқын алғаны белгілі.

Құрылыс жұмыстарының ауқымдылығы шаһардағы біраз инженерлік желінің тозғанын аңғартты. Әсіресе, былтыр жаз айларында құбыр суының қысымы азайып, тұрғындар әбден әбігерге түсті. Биыл осындай жағдайдың алдын алу үшін су тапшылығы мәселесін қазірден бастап шешу қажет. Бүгін Мәжілістің бір топ депутаты Астана іргесіндегі номері 3-ші сорғы-сүзгі стансасына барды. «Amanat» партиясы фракциясының мүшелері жаңа нысанның жұмысымен танысты.

Дәулет Тұрлыханов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Болашақта су мәселесі туындайды. Мынау Вячеславка су қоймасындағы су қардың молдығына байланысты қар суымен толып жатқан су қоймасы ғой. Айтайын дегенім, қар көп болса, су да көп болады. Болашақта қала әкімдігінің шешімі бойынша Ертіс-Қарағанды су каналынан Астанаға су тартылатын шығар. Сондай жоспар бар.

Номері 1-ші және 2-ші сорғы-сүзгі стансалары тәулігіне 305 мың текше метр сумен қамтамасыз етуге қауқарлы. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз. Мәселен, былтыр қосымша 25 мың текше метр су жетіспеген. Енді 3-ші станса іске қосылғалы, су тапшылығына қатысты түйткіл өз түйінін тапты деуге әбден болады. Өйткені жаңа нысанның қуаттылығы тәулігіне 105 мың текше метрге тең. Тағы станса алаңынан бастап номері 31-ші көше бойымен Тұран даңғылына дейін магистральді суағар салынады деген жоспар бар.