Қарағанды облысында ауыр жұмыстағыларға арнайы әлеуметтік төлем беріледі

Қарағанды облысында зиянды еңбек жағдайында жұмыс істегені үшін арнайы төлем алуға үміткер 5 600 адам бар, деп хабарлайды 24KZ.

Биылғы жылдың алғашқы аптасында олардың 30-ына төлем тағайындалды.

Яғни, ақпан айынан бастап бұрын көмір қазып, металл құйып, ауыр жұмыс істегендер енді үйде отырып-ақ орташа есеппен 208 мың теңге көлемінде қаражат алады. Әлеуметтік төлем кімдерге тиесілі, қандай талаптары бар?

Юрий Понамарев Қарағандының ең ірі металлургиялық комбинатында 25 жылға жуық металл бөлшектерді кесуші болып еңбек етті. Бұл жұмыстың өндіріс ошақтарында жарақат алу қаупі жоғары болып есептеледі. Себебі темір туралайтын құралдардың адамның аяқ-қолын бір сәтте кесіп кету қаупі бар. Сондықтан жас ортасына келіп, бойдан қайрат, қолдан күш кете бастаған шақта арнайы төлемін алып, жеңіл жұмысқа ауысуға ниет білдірген.          

Юрий Пономарёв, металл бөлшектерді кесуші:

- Бізге таңдау берілді. 63 жасқа дейін ауыр жағдайда жұмыс істей беру оңай емес. Сондықтан 55 жастан бастап жеңіл жұмысқа ауысып, не мүлдем демалысқа шығуға болады. Бұл, әлбетте, құптарлық дүние. Біздің ай сайынғы айлығымыздың өзі 180 мың теңге көлемінде. Ал арнайы төлем айлықтан да көптеу болуы мүмкін.

Арнайы төлемді алу үшін жұмысшыға қойылатын бірқатар талап бар. Бірінші кезекте ол 55 жасқа толған және кемінде 7 жыл міндетті зейнетақы жарнасы болуы тиіс. Арнаулы әлеуметтік төлем экономиканың 19 саласындағы жұмысшыларды қамтиды. Оның ішінде ең көбі – тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібіндегі жұмысшылар. Қарағанды облысында осы санатқа сай келетін 5600 адам бар.  

Ләззат Сембек,  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті ҚОФ департаментінің бөлім басшысы:

- Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін бұл проактивті тұрғыда жүзеге асады. Яғни, құжат жинаудың ешқандай қажеті жоқ. Ол кісілер өз мекемесінде зиянды жұмыстан шығу туралы өтініш беруі қажет. Сол өтініш беріліп, еңбек шарты бұзылғаннан кейін бұл мәлімет Enbek.kz сайтына түседі. Сол кезде азаматтардың ұялы телефонына СМС хабарлама келеді. Егер олар бұл төлемге келісетін болса, 1414 нөміріне келісемін деп жауап беруі керек. Сол кезде бұл автоматты түрде жинақталып, банк шотына түседі.

Арнайы төлем зейнет жасына дейін төленеді. Одан кейін азамат заңға сай зейнеткерлікке шығады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дерегі бойынша елде 2024 жылы 37 мыңнан астам жұмыскер аталған төлемге үміткер бола алады.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.