Оралда тұрғындарға жарылыстан келген шығын өтеледі

Оралда осыдан 2 күн бұрын кафеде болған жарылыстан іргедегі 5 қабатты үй де зардап шекті, деп хабарлайды 24KZ.

Нақтырақ айтқанда, 4 пәтер мен 2 дүкеннің есік-терезелері қирап, зақым келген. Осы шығындардың жалпы көлемі 2 миллион теңгеге бағаланды. Бүгін тұрғындармен кездескен қалалық әкімдік өкілдері бүлінген мүліктер қалпына келтірілетінін айтты. Жөндеу жұмыстарына осы үйді салған құрылыс компаниясы қол ұшын бермек.

Махамбет Қабдолов, кәсіпкер:

- Техникалық қауіпсіздікті сақтамағандықтан, көрші асхананың ішіне газ баллондарын қолдану, оттегі баллондарын қолданып, дұрыс пайдаланбау әсерінен біздер зардап шегіп отырмыз негізінде. Сол енді шығындарымыз бар бірталай. Бағалауға арнайы өкілдер келеді. Соны күтіп отырмыз.

Азамат Халелов, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Бұл жерде ТҮКШ бөлімімен аталған үйлердің пәтерлеріне кіріп, манағы келтірілген зардаптардың көлемі саналған болатын. Аталған 6 нысан бойынша 2 млн теңгеге жуық жалпы орта есеппен алдын-ала зардаптың  көлемі анықталған болады. Жалпы мердігер мекеме толықтай тұрғындарға өтем жасап берем деп отыр. Осы үйді салушы.