Кеніштегі автобус құлаған апат орнына ауыр техника тартылды

«Майқайыңалтын» кен байыту фабрикасындағы құтқару жұмыстарына ауыр техника тартылды.

Қазір іздестіру жұмыстары айтарлықтай жеңілдеген. Техникаға жол ашу үшін кеше кешқұрым қуаттылығы төмен динамит қолдана отырып үш жерден жарылыс жасалған болатын. Қазір 150 метр тереңдікте ондаған техника топырақты аршып жатыр. Бұған дейін жүргізілген альпинистік құтқару жұмыстары нәтиже бермеді. Естеріңізге сала кетсек, қаңтардың төртіне қараған түні «Майқайың» кенішінде жер опырылып, автобус тереңге құлаған еді. Апаттан мерт болған екі адамның денесі жер бетіне шығарылды. Топырақ астында қалған автобус пен салондағы тағы екі адамды іздестіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Зардап шеккен отбасыларға материалдық көмек көрсетілді. Кеніште мыңнан астам адам жұмыс істейді. Қазір оның жұмысы уақытша тоқтап тұр.