Арал мәселесі әлем назарында

Еліміз биылдан бастап халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етеді, деп хабарлайды 24KZ.

Бұған дейін бұл міндетті Тәжікстан атқарып келген. Көп ұзамай Қырғызстан да қорға мүшелігін қайта жандандырады деген болжам бар. Бұл туралы Аралды құтқару қорының Өзбекстандағы жоба жетекшісі Вадим Соколов мәлімдеді. Оның айтуынша, ұйымға Қазақстанның төрағалығы кезінде апат аймағындағы бірқатар мәселеге қомақты қаржы қаралуы мүмкін.

Теңіздің құрғаған атырабы осы күні бірнеше аумаққа бөлінген. Солтүстік және Батыс Аралдан бөлек, көлдер жүйесі бар. Сырдария мен Әмудариядан келетін тіршілік нәрі азайған сайын шағын су айдындарының жайы нашарлап барады. Кіші Арал да мәз емес. Қазақстан оны сақтап қалуға бар күш-жігерін жұмсап жатыр.

Равшан Назаров, су саясаты бойынша сарапшы:

- Қазақстан су саясаты саласында мол тәжірибе жинақтады. Солтүстік Аралды сақтап қалу үшін қолға алынған гидротехникалық шешімдерді ерекше атап өтуге болады. Енді мәселені кең ауқымда қарастыратын болсақ, судың мөлшері тым аз екенін көріп отырмыз. Памир және Тянь-Шань мұздықтары жылдам еріп жатыр.

Халықаралық қаржы институттары Арал мәселесіне көп көңіл бөледі. Гранттық көмектің нәтижесінде бірқатар жобаны қолға алған. Дегенмен ауқымды гидро нысандарды салуға қауқар жетіспей тұр. Мәселе биыл Қазақстанның төрағалығы кезінде биік мінберден көтерілуі ғажап емес. Еліміз Аралды құтқару қорына 2026 жылға дейін жетекшілік етпек.

Вадим Соколов, Халықаралық Аралды құтқару қорының Өзбекстандағы жоба жетекшісі:

- 2016 жылы Қырғызстан қорға мүшелігін тоқтатқан еді. Кейін ұйым жұмысында өзгерістер болып, институционалдық және құқықтық базасы жаңартылды. Биыл Қазақстанның төрағалығы кезінде Қырғызстан мүшелігін қайта жандандырады деген ойдамыз. Сол арқылы қор жұмысы тиімді бола түседі. Біздің болжам бойынша алғашқы тоқсан ішінде атқару комитеті жасақталады. Сосын Арал аймағына технология мен инвестиция тарту бағдарламасы іске аса бастайды.

Қазақстан мен Өзбекстан мамандары көптен бері Сібір суын оңтүстікке бұру жобасын талқылап келеді. Зерттеушілердің айтуынша, құрылысқа бастапқыда 5-6 млрд доллар жұмсалуы мүмкін. Сарапшылар Кеңес үкіметі кезінде тоқтап қалған іс келешекте қайта қолға алынады деп сенеді. Ал әзірге Сырдария мен Әмудария суын барынша үнемді пайдалануға шақырып отыр.

Вадим Соколов, Халықаралық Аралды құтқару қорының Өзбекстандағы жоба жетекшісі:

- 2020 жылы тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясын өзімізде әзірлей бастадық. Сонау Израильден импорттаудың орнына керек-жарақ осы жерде шығарылып жатыр. Соңғы 3 жылда өндіріс қалыптасты. Жылына 300 мың гектарды қамти алады. Сондықтан Өзбекстан өз тәжірибесімен бөлісуге дайын.

Ұлы теңіздің табанын жасыл желекке айналдыру ісі нәтиже бере бастады. Қазақстан мен Өзбекстан бұл істе біраз алға жылжыған. Оған қоса екі ел су пайдалану стратегиясын жаңартты. Нәтижесінде жер-жерде тіршілік нәрін үнемдеуге баса көңіл бөлініп отыр. Еліміз Арал қорының жұмысын жандандырып, апат аймағындағы мәселелерге халықаралық донорларды тарту ісін бастап та кетті.

Авторы: Рауан Мыңбаев.