Шымкенттіктер арыстанның үш күшігіне есім қоя алады

Шымкенттегі хайуанаттар бағына келушілерге арыстан абдандары көрсетілді.

«Симба» мен «Тану» жұбының үш күшігі 2,5 ай бұрын дүниеге келген еді. Олардың денсаулығына қауіп жоқ, күн санап күш жинап, салмақ қосып жатыр- дейді зообақ қызметкерлері.

Мамандар жыртқышқа ат таңдау құқығын тұрақты келушілерге сеніп тапсырды. Желі қолданушылары мен қала тұрғындары ұсынған нұсқалардың ішінен лайықтысын таңдап алмақ.

Хайуанаттар бағына түз тағысынан бөлек, дала дуадағы мен аққулар әкелінді. Олар да көктемде тұрақжайға шығарылады.

Бағдат Әмзебек, хайуанаттар бағының қызметкері:

- Олардың барлығының жағдайы жақсы болып туылды. Қазір анасының қасында. Қызметкерлердің бақылауында. Аналығы сәйкесінше момын. Ал аталықтары өздерін ұстаған кезде, көріп отырғандарыңыздай, қарсылық көрсетеді. Бірақ қызметкерлер ұстап, ойнатып, бірге қасында жүреді. Қазіргі уақытта біз әлеуметтік желіге пост салған болатынбыз. Осы аналық пен аталықтарын атауды ұсынып жатырмыз.