Ақтөбе облысында жол апаты жиіледі

Былтыр Ақтөбе облысында 648 жол апаты болып, 169 адам көз жұмды, деп хабарлайды 24KZ.

Әсіресе, «Самара-Шымкент» бағытындағы тасжолда көлік апаты жиілеп кеткен. Сондықтан жолда бақылау күшейді. 4 ауданның полиция бөлімі бірігіп, алдын алу іс-шарасын жүргізіп жатыр.

Азамат Абылай әріптесімен бірге «Самара-Шымкент» тасжолының қауіпсіздігін қадағалап жүр. Көліктерді тоқтатып, жүргізушіге жол бойының қауіпті учаскелерін айтып ескертеді. Сондай-ақ асфальтта қатқан мұз немесе ойылған жерлерді де жауаптыларға хабарлайды.

Азамат Абылай, инспектор:

- Біз күніне 100-ден астам жүк көліктерін тоқтатып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар жүргізушілер жасап жатқан басып озу, қарсы бағытқа шығу, апаттық жағдай туғызатын фактілер көптеп кездесіп жатыр.

Бұл жолмен тәулігіне 15 мыңға жуық көлік өтеді. Апат та көбейген. Тек былтырдың өзінде осы жолдың бойында 89 жол көлік оқиғасы болып, 70 адам көз жұмған. Ал жарақат алғандардың саны 100-ден асады. Сондықтан қауіпсіздікті қамту шаралары күшейтіліп жатыр.

Айдос Құлжанов, облыстық ПД жергілікті полиция қызметінің бастығы:

- Ақтөбе қаласынан Қызылорда облысының шекарасына дейін 16 наряд қойып отырмыз қазіргі таңда. Әрбір 30 шақырымға қойып отырмыз. 30 шақырымда сол берілген аумақта барлық профилактикалық іс-шара жүргізілетін болады. Яғни, жолдың қауіпті бөліктерін көрсетіп, сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» мекемесімен тығыз байланыстамыз.

Көлік апатының алдын алу мақсатында жүріп жатқан іс-шараға Алға, Мұғалжар, Әйтеке би және Ырғыз аудандарының полиция қызметкерлері тартылған. Ал дәл осы жол бойында тіркелген оқиғалар негізінен машиналардың қарсы бағытқа шығуы, бір-бірін басып озуы секілді әрекеттерден болған. Мамандар жолдың жағдайының да нашар екенін айтады. Тек бір жылда өңірдегі жолдарды күтіп-ұстауда олқылық жіберген 300-ден астам лауазымды тұлға әкімшілік жазаға тартылды.

Еркін Өтеген, облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасы  бастығының орынбасары:

- «Самара-Шымкентке» 600-дің үстінде тексеру жүргізілді былтырғы жылы. Енді қазіргі уақытта, өздеріңізге белгілі, бұл жол өте шаршап тұр. реконструкцияда тұрған жол. Көптеген шұңқырлары бар тағы да басқа. Бірақ оған қарамастан қауіпсіз жолды қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жасалып жатыр.

Ал жыл басталғалы жолдарда жағдай тұрақты, - дейді тәртіп сақшылары.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.