Тұтынушылардың қаражаты қайтарылды

Ақтөбелік тұрғын көзін дұрыс емдемеген жеке клиникадан миллион теңгеден артық ақша өндіріп алды, деп хабарлайды 24KZ.

Ешқандай ем болмағанын тұтынушы сотта дәлелдеді. Бұл бір ғана жайт. Қаншама адам құқығын қорғаймын деп талай табылдырықты тоздырып жүргені анық.

Өткен бір жыл ішінде Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне 50 мыңға жуық өтініш түскен. Бұл 2022 жылғымен салыстырғанда 65,1%-ке көп. 2023 жылы 1 млрд теңгеден астам қаржы қайтарылды. Қоғамдық бірлестікке жүгінгендердің бірі – ақтөбелік Гүлбану Омарова.

Гүлбану Омарова қаладағы медициналық клиникалардың біріне миопия бойынша лазерлік түзету операциясын жасатқан. Көп ұзамай онысы сапасыз жасалғанын байқайды. Сөйтіп, көзін енді Мәскеу қаласына барып тексертеді. Нәтижесінде көз қабығының стромальды бұлыңғырлы диагнозы қойылып, көздің дұрыс кесілмегені анықталған. Одан кейін ем іздеп Түркияға барған.

Гүлбану Омарова, тұтынушы:

- Түркияға барып, операция жасап келдім. Бірақ енді 100% бір көзім көрмейді деп айтты. Кепілдік бере алмаймыз, өйткені «нервные оконачания задеты», жуандығын қатты кесіп жіберген екен көзімнің, қазір 80% көреді бір көзім.

Осы жағдайдан кейін Гүлбану Омарова сотқа жүгінеді. Бірақ алғашқы сотта сарапшылар «дәрігердің кінәсі жоқ және көз өмірлік маңызды орган емес» деп мәлімдейді. Амалы қалмаған келіншек тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігіне жүгінген.

Ислам Болатов, «Тұтынушылар ұлттық палатасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті:

- Біздің мекемеге Омарова Гүлбану деген азаматша арызбен шағымданды. Бірінші сот инстанциясы оның шағым арыздарын қанағатсыз қалдырды. Біздің көмегімізбен және Гүлбану азаматшаның адвокатымен бірге бірлесіп, апелляциялық инстанцияда біздің тұтынушының құқықтарын қорғадық. Соттың шешімі өзгерді. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау заңына сәйкес сот Гүлбану ханымның атына 1 млн теңге моральді залал компенсация жасаған.

Тұтынушылар құқығын қорғау бірлестігіне арызданып жүрген жалғыз Гүлбану Омарова ғана емес. Ақтөбе қаласы бойынша жүгінген адамдардың 738-і мәселесін шешкен. 116 өтініш тиісті мемлекеттік органдардың қарауына жолданып, департамент үшінші тұлға ретінде 17 сот отырысына қатысқан.

Гүлзада Алматбаева, Ақтөбе облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы:

- 2023 жылы барлығы 1310 тұтынушының өтініші түсті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 134%-ке өсіп отыр. Оның өсуінің себебі жүргізілген халықтық құқықтық сауаттандыру жұмыстарының нәтижесі деп айтуға болады. Егер заңбұзушылық болса, осындай отырыстарға, 17 отырысқа 2023 жылы қатыстық. Соның оның 13-і тұтынушы жағына шешілді. Тұтынушыларға осы сот шешімімен 15 млн 400 мың теңге қаражат қайтарылды.

Тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті даулы мәселелер бойынша халыққа кеңес беруге әзір. Егер мәселе сотқа дейін шешімін таппаса, құзырлы орынға арыздануға көмектеседі. Жалпы қазіргі уақытта Мәжіліс жаңа заң жобасын дайындап жатыр. Тұтынушы құқығын қорғаудағы бір үміт осы.

Авторы: Әлішер Әли, Мансур Есхожин, Айнадин Молдабеков.