Қаракөлге лай су төгілді

Ақтаулық экологтар әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға алаңдаулы.

Кадрде өңірдегі ірі қонақ үй құбырынан лай судың Қаракөлге ағып жатқанын көруге болады. Айдында аққулар жаппай қырылған. Осы жағдайға байланысты мамандар судан сынама алды. Егер су құрамында ластауыш заттардың қалыпты мөлшерден көп екені анықталса, қонақ үйге айыппұл салынуы мүмкін. Өкінішке қарай кәсіпкер өткеннен сабақ алмаған сыңайлы. Осыдан тура екі жыл бұрын дәл осы мекеме басшылығына экологиялық заңнаманы бұзу дерегі бойынша 76 миллион теңге айыппұл салынған еді.

Мағжан Ғалымов, облыстық Экология департаменті басшысының м.а:

- Зертханалық талдау жасалады. Егер  суда зиянды заттардың мөлшері артық  болғаны анықталса тексеріс басталады. Алдымен көлге төгілген су көлемін біліп алу керек. Сол деректерге сүйеніп әкімшілік іс қозғалып, айыппұл көлемі бекітіледі.