Алатау қаласы арнайы экономикалық аймақтың орталығына айналады

Президент Жарлығымен құрылған Алатау қаласында қыруар шаруа атқарылуы тиіс.

Алдымен инфрақұрылымды жаңартып, көшелерді жөндеп, құрылыс нысандарын көбейту керек, - дейді мамандар. Емхана ескірген, мәдениет үйі атымен жоқ. Тұрғындардың жергілікті атқарушы биліктен күтері көп. Сапалы мемлекеттік қызмет, жолаушылар тасымалын ұйымдастыру, халықты баспанамен қамту жайын реттеу керек.

Жетіген бекеті арқылы шығыс пен оңтүстікті жалғайтын теміржол өтеді.  Былтыр бекет жанында ірі индустриалдық жоба іске асты. Жүк өңдейтін терминал салынды. 52 гектар жерді алып жатқан нысан импорттық және экспорттық бағытта жұмыс істейді.

Алмас Садуақас, тілші:

- Былтыр салынған логистикалық орталықтың құрылысы жалғасып жатыр. Жарты жылда мұнда 16 мың контейнер өңделді. Күніне 6 пойызға қызмет көрсетіледі. Ал бір жылда терминалдың 200 мың контейнерді қабылдап, жөнелтуге мүмкіндігі бар.

Нысан 2 жылда толық аяқталуы тиіс. Сонда 200 адам тұрақты жұмыс істейді. Яғни, қаланың дамуына оң ықпал етеді.

Эльдар Түсіпбаев, логистикалық орталықтың бөлім басшысы:

- Келешек қала Алатауға өзінің оң жағынан ықпалын береді. Салынатын қалаға келетін материалдармен және кей басқа тауарлар осы терминалда өндіріліп, қалаға жеткізіледі.

Қазір мұнда 25 мың адам тұрады. Жаңа арна, Құйған мен Еңбек ауылдары қала құрамына кіргенде халық саны 50 мыңға жетеді деген жоспар бар.  Ауылда 6 мектеп, 11 балабақша жұмыс істеп тұр.

Құрманжан Атшиев, қала тұрғыны:                

- Қала болса, жастарымызға жұмыс табылады. Зауыт, фабрика салынады. Оқу орындары ашылады.

Асқар Юсупов, қала тұрғыны:

- Кеше Президентіміз қол қойғаннан кейін өте қуанып, немерелерімізге шейін хабарласып құтықтадым. «Әй, балалар енді сендер қала Алатауда тұратын болдыңдар. Келешегі зор деп. Өзіміз ойлаймыз, құдай бұйыртса, Алатаудың келешегі зор болады.

Бұрын ауыл санатында болғандықтан мұғалімдер мен дәрігерлерлер еңбекақысына қосымша үстемақы алып отырған. Енді қала мәртебесі  берілген соң бұл төлем тоқтатуы мүмкін. Алайда ұстаздар квоталық көмек үзілмесе екен дейді.

Жамал Қалыбайқызы, мұғалім:

- Менің әріптестерім, мұғалімнің барлығы осы уақыта дейін 25% үстемақы алып келген болатын. Осы үстемақыны қалдыруын сұраймыз. Ауыл тұрғындарының жағдайы қазіргі таңда жаман деп айтуға келмейді. Бірақ кәдімгідей табыс көзіне әсер етеді.

Қаладағы аурухана ғимараты ескірді. Тұрғындар жаңа емдеу мекемесі салынса дейді. Мәдениет үйі де жоқ. Ауыл әкімінің сөзінше, нысанды салуға  3 гектар жер бөлінген. Жобасы мемлекеттік сараптамадан өтуі керек.

Нұрлан Әбілов, Жетіген ауылдық округінің әкімі:

- Мәдениет үйінің жобасы дайындалып жатыр. Экспертизаға кіріп, сараптамаға. Одан шыққаннан кейін осы жұмыстардың барлығы іске асады деп күтіп отырмыз.

Жалпы Жетігеннің атын ауыстырып, ауылдан қала жасаудағы мақсат – Үкімет бекіткен «G4 City» жобасын іске асыру.

Болат Мұсылманбеков, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

- Бұның алғашқы мақсаты, «контрмагнит» дейді, Алматы қаласындағы проблеманы сыртқа қарай шығарып, халықты, оқу орындарын, бизнес орындарын – бәрін Қонаев пен Алматы ортасында жүйелі түрде бас жоспармен ойластырылған және де жұмыссыздық мәселесін шешу.

Алатау қаласы 8 мың гектарда алып жатқан арнайы экономикалық аймақтың орталығына айналады. Ол іскерлік, өндірістік, мәдени әрі туризм саласы дамыған қала болады, - дейді жауаптылар.

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев.