Ақмола облысында техникалық маман тапшы

Көкшетаудағы жылу мекемесінде 600-ден астам адам жұмыс істейді.

Бірақ, әлі 60-қа жуық маман қажет. Қазір кәсіпорында егде жастағы қызметкерлердің үлесі басым. Мәселен, Александр Кравченко осы мекемеде ширек ғасырға жуық қызмет етеді. Тәжірбиелі маманды жас кадрлардың жетіспеушілігі толғандырады.

Александр Кравченко, кәсіпорынның цех басшысы:

- Мен 2000 мыңыншы жылдан бері қызмет етемін. Қарапайым қызметкерден бастап, әртүрлі лауызымда болдым. Барлық қызметтік сатыны өттім десе болады. Әр жұмыстың өзінің қиындығы болады ғой. Бірақ қазір жастар жалақысы көп, жеңіл жұмыс іздейді.

Руслан Мәкішев, жылумен қамту кәсіпорнының бас директоры:

- Жастар жетіспегеннен кейін үлкен кісілердің барлығын қалдырып отырмыз. Жастар практикадан өтуге келіп тұрады. Бірақ енді оның ішінде қалатыны бар, қалмайтыны бар. Ал қалған балаларға барлығын өзіміз үйретіп жатырмыз.

Қазір аймақтағы 20 шақты колледжде 7 жарым мыңнан астам бала техникалық мамандықтарды меңгеріп жатыр. Бұдан бөлек, облыс орталығындағы университет бір жарым мың маман даярлайды. Алайда, олардың барлығы бірдей оқу бітірген соң өз дипломы бойынша жұмысқа орналасатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Сол себепті оқу орындарында жұмысқа орнастыру бойынша арнайы бөлімдер ашылған.

Сансызбай Мемешов, университеттің департамент басшысы:

- Университетте арнайы бөлім бар. Жұмысқа орналастыру және карьера орталығы деп аталады. Осы орталық барлық өңір ғана емес барлық Қазақстан бойынша кәсіпорындармен тығыз байланыста. Тек техникалық мамандық бойынша 8 филиал ашылған. Тіпті студенттер оқуын бітіргенге дейін жалпы теориялық біліммен қатар, сол жерлерде практикалық сабақтар өтеді.

Айталық, техникалық мамандықтарға бөлінетін грант саны еңбек нарығындағы қажеттілікке сәйкес дайындалады. Қазір оған қоса кәсіпкерлер мақсатты мемлекеттік тапсырыс шарасына қатысады. Оның аясында жас мамандар жүз пайыз жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Валерий Гамазов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Мақсатты мемлекеттік тапсырыс аясында кәсіпорын басшылығы білім беру мекелеріне өздері жүгінеді. Одан кейін, белгілі бір түлекпен, оқу орнымен үш жақты келісім шартқа отырады. Қазір осы тапсырыс негізінде бізде бір жарым мың бала білім алып жатыр.

Сонымен қатар, жыл сайын жұмыспен қамту орталығы еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандарды қысқы мерзімді оқытудан өткізеді. Тек өткен жылдың өзінде 400-ге жуық адам осы оқуды тәмәмдап, тұрақты жұмысқа орналасты.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко, Виктор Полянный