Жасанды интеллект қазақша сабақ береді

Келешекте мұғалім қажет болмай қалуы мүмкін.

Жасанды интеллект қазақ тілінде сабақ береді. Математика, физика, химия, биологияңыз да қазақша сөйлейді. Қазір білім саласында бірқатар жасанды интеллект платформалары жасақталған. Әзірге бірі сұрақ қоя алса, бірі тек мұғалім тәрізді сабақ түсіндіреді. Жасанды интеллект кафедрасының профессоры, Алтынбек Шәріпбай оқушыға толықтай сабақ өткізе алатын  «ақылды оқулық» технологиясын әзірлеген. Ақылды оқулық онлайн режимде оқушыға жеке оқыту траекториясын анықтап, мәтіндік, аудио және видео оқу материалдарын ұсынып, сұ­рақ қойып, оның жауабын пайыздық дең­геймен бағалай алады.

Алтынбек Шәріпбай, техника ғылымдарының докторы:

- Біздің негізгі мақсатымыз қазақ тілінің бүкіл грамматикалық ережелерін математикалық модельдеу. Компьютермен қазақ тілді жұмыс жасау үшін компьютер берген сөйлемді талдау керек, оның бастауышы қайсысы, баяндауышы қайсысы жұрнағы қайсы жалғауы қайсы соның бәрі математикалық формуламен жазылады. Біз жазып қойдық.

Тағы бір жаңашылдық әр оқушының үлгеріміне байланысты тапсырма дайындап, оны сараптай алатын бағдарлама әзірленіп жатыр.

Мейіржан Әуелханұлы, IT саласының маманы:

-  Білім алатын шәкірттердің оқу үлгерімі, әр пәнге қызығушылығы әртүрлі деңгейде. Жасанды интеллект әсіресе осы әрбір шәкіртке оқу бағдарламасын жасауда. Тек қана жеке адамға бағытталған негізделген соның оқу үлгеріміне оның білім деңгейіне оның ақпаратты қабылдауына ыңғайланып сол жағындағы яғни жасанды интеллект білім саласында шәкірттердің білім алуына көмекші құрал ретінде пайдаланып жатыр.

Жасанды интеллект денсаулық сақтау саласында да белсенді. Ауылда дәрігер болмаса, бір дәрігер бірнеше медицина қызметкерінің жұмысын атқара алады. Яғни диагностика цифрлық форматта жүргізіледі. Сонымен қатар, алдағы 5 жылда дәрігерлер алдына келген науқастың ауру тарихын, оған тағайындалған дәрі-дәрмек тізімін кез келген қалада отырып көре алады.

Цитата:

- Бірнеше өңірде пилоттық жоба іске асып жатыр. Олар – жасанды ақыл көмегімен өкпе және әйел азаматтарының ауруларын анықтау. Ол үшін мейірбике рентген аппаратына кісіні алып келеді. Кейін сол рентген аппаратының суреті базаға жүктеледі. Оны Нұр-Сұлтан, Алматы болсын, кез келген өңірдегі адам қарай алады. Біріншіден, оған диагноз қойылады, екіншіден, жасанды ақыл өзі суретке талдау жасап, өзі кеңес береді.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі 

Сөйтіп,енді аз жылда жасанды интеллект өзіңізге ем-дом жасап, балаңызға сабақ оқытып жатса таңданбаңыз. Ең бастысы көп ұзамай ауылға барады.

Авторлары: Зарина Кәп, Ырыстанбек Оспанов