Сырғанақ алаңында адамдардың қауіпсіздігіне кім жауапты?

Қыстың көркі – қар, қызығы – сырғанақ. Астанада 60-қа жуық сырғанақ пен мұз айдыны бар. Ертеден қара кешке дейін кісі арылмайды, деп хабарлайды 24KZ.

Ойын баласы түнге де қалып жатады. Тек қыстың қызығы көп болғанымен, шыжығы барын да ұмытпайықшы.

Назерке Аяз, тілші:

- Қыс мезгілі аязды күндерімен, жылы эмоцияларымен есте қалады. Әсіресе демалысты мынандай сырғанақ алаңдарында өткізуге балалармен қоса ересектер де әуес. Алайда кедір-бұдыр, жан-жағы қоршалмаған биіктен төменге құлдилау мен үшін аса жанкешті іс болды. Адамдардың қауіпсіздігіне мұнда кім жауапты?

Өткір Қалдыбай, құтқарушы:

- Құлап қалған жағдайда адамның өзі жауап береді, оны біз басында ескертеміз. Сырғанаған адамдарды қадағалаймыз, арнайы адам төбеден түсіріп, төменнен күтіп алады. Келушілер саны әр күнде әрқалай. Сенбі-жексенбі, мереке күндері адам көп келеді. Ересектерге балаларын алдарына алып отыруды ескертеміз. Балалары үшін ата-ана жауапты.

Бір сәттік эмоция үшін аурухана жағалап жүргендер жетерлік, - дейді Астана травматологиялық пунктінің қызметкерлері. Арнайы дерекке сүйенсек, көше жарақаты бойынша тәулігіне 30-50 өтініш түседі екен. Дені – 20 мен 45 жас арасындағы азаматтар.

Алексей Солод, Астана қалалық №1 ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі:

- Қаңтардың 1 мен 7 арасында көше жарақатынан 3 мыңнан аса өтініш келіп түсті. Басым бөлігі сырғанаудан, мұзға құлау, аяғын сындыру сынды жарақат түрлерімен келеді. Ауыр жағдайдағы 15 адамды ауруханаға жатқызып, керекті ем көрсетіп жатырмыз.

Батыс Қазақстан облысында тіпті көлікке шана тіркеп, оған жастарды отырғызған. Арты қайғылы аяқталды. 17 жастағы бойжеткен ауруханаға жеткізілгенмен, есін жимастан жан тапсырды. Мамандар бұл орайда өз өміріңіз өз қолыңызда екенін ескертеді.