7 қалада IT-хаб ашылады

Биылдан бастап елде өңірлік IT-хабтарды дамытуға басымдық береміз.

Бұл арқылы ақпараттық технология мамандарын танып, қолдауды көздеп отыр Үкімет. 

Қазір түрлі онлайн платформалар іске қосылып жатыр. Бұл да IT мамандардың білімі мен біліктілігін арттыруға сеп.

Қазіргі 14 өңірлік хабтың қатары тағы жетеумен толығады. Мұның маңызы зор. Себебі әлемдік IT сала білікті мамандар мен стартап идеяларға мұқтаж.

Америкалық SKILLSOFT компаниясы IT саласындағы біліктілік бойынша зерттеуін аяқтады. Сауалнамаға бүкіл әлемнен 5000-ға тарта маман қатысқан. Олардың қатарында Солтүстік және Латын Америкасы, Азия-Тынық мұхиты елдері, Еуропа, Таяу Шығыс және Африка өкілдері бар.

Сарапшылар IT саласының болашағына алаңдап отыр. Өйткені маман жоқ. Зерттеуге қатысқан жетекшілердің жартысынан көбі «алдағы 1-2 жылда бұл анық байқалады» дейді.

Оның үстіне технология жылдам дамып жатыр. Осы орайда респонденттердің 43%-і қызметкерлерінде бұл ағысқа ілесетіндей қауқары аз екенін мойындаған.  

«Әсіресе жасанды интеллект және машиналы оқытуда кемшілік көп. Біз болашақ жұмысшыларымыздан білімнен гөрі, тәжірибе талап етеміз. Тіпті ол жайлы жақсы ұсынымдар болса, құптаймыз. Өзіміз де мамандарымыздың біліктілігін арттырып отыруға көңіл бөлеміз. Қайта оқытудан өткізуіміз мүмкін. Қазірдің өзінде көбі тегін платформалардан онлайн білім алып жүр», - зерттеуге қатысқан, IT компания басшылары.

Ақпараттық технология саласын дамыту біздің ел үшін де маңызды бағыт саналады. Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай 100 мың IT маманын дайындауды тапсырған еді. Қазір Astana Hub базасында Tech Orda бағдарламасы жүзеге асып жатыр. 18-45 жас аралығындағы азаматтар тегін білім алады.

Өңірлік IT-хабтар да белсенді жұмыс істеп жатыр.

Аида Дусова, Astana Hub өңірлік дамыту офисінің директоры:

- Қазіргі уақытта Astana Hub еліміздегі 14 өңірлік IT-хабқа жетекшілік етеді. Біз сонымен қатар бұл ІТ-хабтарды цифрлық инфрақұрылым – astanahub.com платформасын пайдалана отырып, дамытуды қолға алдық. 2023 жылы аймақтарда АКТ саласында 784 іс-шара ұйымдастырылып, 24 702 адам қатысты, сондай-ақ 194 стартап-идея ұсынылып, 7 ауқымды форум өткізілді. Нәтижесінде былтыр өңірлерден 100-ден астам компания Astana Hub қатысушы ретінде тіркеліп, қазіргі таңда еліміздің IT секторының дамуына белсенді үлес қосып жатыр. Биыл тағы 7 қалада IT-хаб ашуды жоспарлап отырмыз.

Жалпы қарқын жаман емес. Елде IT саласындағы қызметтерге сұраныс артып келеді. Былтырғы өсім 43%-ке жеткен. Көрсетілген қызметтердің дені консультациялық және практикалық қызметтер, бағдарламалық қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар мен жүйелерді қалыптастыру және дамытуға бағытталған.

IT саласындағы қызметтердің басым бөлігі Алматы мен Астанада ұсынылды. Жіктер болсақ, Алматыдағы көрсеткіш 369 млрд теңгеден асыпты. Астанада көрсетілген қызметтер үлесі – 292 млрд теңге. Өзге аймақтардікі 10%-ке да жетпейді.

Әлбетте, салаға қызығушылықты арттыру үшін жалақының мардымды болғаны абзал. Бұл да ескерілген. Өткен жылы орташа айлық 815 мың теңгеден асыпты. Яғни, елдегі орташа деңгейден 2 есе көп.

Айтпақшы, Алматыда 19 қаңтар күні халықаралық форум өтеді. Онда IT саласындағы жетістіктер мен кемшіліктер сарапқа салынбақ.

Түйіндесек, 2026 жылы еліміздегі IT қызметтер экспорты 1 млрд долларға жетуі керек. Бұл – Президенттің пәрмені. Жүйелі жұмыстар нәтижесінде ғана Қазақстан IT мемлекетке айналады. Бұл – анық.