12 қаңтар – Дінмұхамед Қонаевтың туған күні

Бүгін қазақтың біртуар ұлы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 112 жыл толды.

Көзі тірісінде-ақ халқы оны ардақтап, Димаш, Димекең деп атап кеткен. Туған күніне орай алматылықтар оның мүсініне гүл шоқтарын қойып, құран бағыштады. Музейіне барды.

Дінмұхамед Қонаевтың мұражайы 2002 жылы 90 жылдық мерейтойына ашылған. Содан бері мұнда адам қарасы үзілген емес. Ал 2012 жылы Дінмұхамед Ахметұлының өзі тұрған пәтері мемориалдық музей болып ашылды. Ол жерде 8 мыңнан астам жәдігер бар. Оның барлығы «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітабының негізінде хронологиясы сақтала отырып орналастырылған. Нысан цифрлық және мультимедиялық технологиялармен жабдықталған. Келушілер аудиогид көмегіне де жүгіне алады.

Елена Кубашева, Д.А.Қонаев музейінің жетекшісі:

- Дінмұхамед атамызды халық өте қатты жақсы көрген. Ол да халықты жақсы көрген. Мысалы, қандай тұлға болғанын жазса, қандай кемеңгер болғанын жазса, ол кісі де халық туралы бүйдеп айтқан. Даналық халық та олардың ортасында жиі болып, айтқан сөзіне қоятын талабына құлақ асса, өзіңді өмір мектебінен дәріс алып қайтқандай сезінесің деп, сөйтіп жазған екен. «Теңдесі жоқ байлық – қанағат» деген шығыс даналығын есімнен шығармадым», - дейді. «Қандай жағдай болсын, сабыр сақтап, қарапайым болуға ұмтылдым», - деп сөйтіп жазады екен.

Жаннет Серікбаева, Д.А.Қонаевтың жиен қарындасы:

- Ол кісінің мейірімінде шек жоқ еді. Ол кіммен сөйлессін, мейлі ол үлкен болсын, кіші болсын, сол адамды барынша түсінуге тырысатын. Туған- туыстарына да барынша қамқор болды. Бізге өзінің баласы сияқты қарады. Бос уақытта немен айналысатынымызды, неге қызығатынымызды сұрайтын. Ол кісі менің гуманитарлық бағытқа жақын екенімді, тарихты жақсы көретінімді жақсы білетін. Қандай кітаптар оқу керектігін айтып, кеңес беріп отыратын. Өзі де әкеп беретін еді.