Қазақ әскері - Орталық Азияда көшбасшы

Global Fire-power порталының сарапшылары осындай тұжырымға келді.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан әскері 145 мемлекеттің ішінде 58-ші орынға шығып, өз позициясын бекітті. Осылайша, халықаралық рейтингте ел армиясы Әзербайжан, Беларусь, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан мен  Тәжікстаннан басым түсті.

Риат Шони, тілші:

- Жойғыш ұшақтардың әуеге көтеріліп, берілген тапсырманы орындауы әрине, ұшақты басқаратын ұшқыштардың шеберлігіне байланысты. Бірақ, дәл осындай СУ-30СМ сынды ұшақтардың ешбір кедергісіз әуеге көтерілуі үшін сіз бен біз біле бермейтін талай адам жұмыс істейді.

Көк аспанымызды торуылдаған жойғыш ұшақтар мен тікұшақтар. Төртінші буындағы әскери техника. Ел армиясының қуаттылығы осындай заманауи техникалармен артып келеді. Әлемде болып жатқан қарулы қақтығыстар әуе шабуылына қарсы тойтарысты күшейту қажеттігін де көрсеткен.

Тараз

Ал биыл елде түркиялық Anka-S ұшқышсыз ұшу аппаратының өндірісі басталады деп жоспарланған. Қазір Таразда 270 км/сағат жылдамдықпен ұша алатын дрондардың сынағы өтіп жатыр. Айта кету керек, Қазақстан ауқымды жойғыш аппаратын шығаратын алғашқы шетелдік мемлекет болмақ.

Мадияр Мәжікеев, №14157 әскери бөлімі авиациялық эскадрильясының борт командирі:

- Бізде енді «Win long» ұшқышсыз ұшу аппаратында тәжірибеміз болғандықтан және де Түркия елінен келген нұсқаушыларында өте мол тәжірибе болғандықтан оқу жаттығу бізге оңай жүріп жатыр. Келешекте Anka-s ұшу аппаратын меңгеріп, өзіміздің жұмысымыздың жақсы маманы болатынымызға сенемін.

Елдің қорғаныс өнеркәсібін дамыту – Жоғарғы Бас Қолбасшы, Президент қойған басты міндет. Әрбір мемлекет өзінің қарулы күштерін заманауи қару-жарақпен, техникамен өздері қамтамасыз етуге ұмтылады. Яғни, импортқа тәуелділіктен арылып, кәсіпорындардың өз жерінде болғанын қалайды.

Алпамыс Өтепов, ҚР Қорғаныс министрлігі департаменті бастығының орынбасары:

- Бірінші басымдық бағыт осы отандық өнімдерді алу қарулы күштеріне. Сондықтанда біздің пайымдауымызша, бұл бізді алда импорттық тәуелділіктен бізді құтқарады. Қарулы Күштерге 100-ден астам қару-жарақ пен әскери техника түсті. Оның ішінде атап өтетін болсақ, өзіміздің отандық жауынгерлік машиналар ол Арлан.

Өткен жылы қорғаныс министрлігі отандық Арланның 20-дан астамын алған. Қазір бұл әскери техниканың 170-ге жуығы қарулы күштер қатарын толықтырған.

Айта кету керек, бұл техниканың жауынгерлік модулі қорғаныс өнеркәсібіне елеулі үлес қосып отырған осы зауытта шығарылады.

Риат Шони, тілші:

- Бұл жауынгерлік модульдің бір ерекшелігі – анықтаған жаудың соңынан ілесіп жүре алады. Яғни, мінекей мені ол көріп тұр. Менің қайда бара жатқан бағытымды анықтап, мені өзінің нысанасына алып тұр.

Бұл өндіріс ошағы ел әскеріне қажетті көздеуіш құралдары, рациялар мен түнде көру мүмкіндігін ұлғайтатын оптикалар жасайды. Бұл түнде көру құрылғысы А-100 деп аталатын модель. Яғни, бір реттік үлкейту мүмкіншілігі бар. Бұл құрылғы жауынгерлердің бас киіміне орнатылып, түнгі уақытта арнайы операциялар орындауға жіберуге болады.

Қарағанды облысы

Арнайы операциялар демекші, елде Президент Жарлығымен арнаулы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылды. Оған сайдың тасындай іріктелген, 6 айлық тиісті курстан, терең сүзгіден өткен тепсе темір үзетін сарбаздар алынды.

Алматы облысы

Ал былтыр қыркүйек айында мемлекет басшысы «Батыл тойтарыс-2023» оқу-жаттығу жиынының барысында Арнаулы операциялар күштерінің қолбасшылығына Жауынгерлік туды салтанатты түрде табыс етті. Жалпы бұл оқу-жаттығу жиыны ел тарихындағы ең ауқымдысы болды. Оған 8 мың әскери қызметші, 600 әскери техника жұмылдырылды.  

2023 жыл ел әскері үшін «Қуатты армия – Қуатты Қазақстан» атты ұранмен өтті. Міне, жыл бойы әлеуетін арттырған қарулы күштеріміз Орталық Азияда көшбасшы атанды. Global Fire-power порталының  жылдық рейтингінде Қазақстан әскері 145 мемлекеттің ішінде 58-ші орынға шығып, өз позициясын бекітті. Былтыр қорғаныс саласын қаржыландыру да 11% өсіп, 7,5 млрд долларға жеткен.

1-орын —   АҚШ

2-орын —   Ресей

3-орын —   Қытай

17-орын —   Израиль

18-орын —   Украина

58-орын — Қазақстан

65-орын —   Өзбекстан

100-орын —   Қырғызстан

Қазақстан сыртқы саясатта бейбітшілік пен татулықты ұстанған ел. Дегенмен қарулы күштер кез келген уақытта ел шебін қорғауға дайын. Биыл Қазақстан ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалық етеді. Биыл мүше 6 мемлекеттің әскерилері «Мызғымас бауырластық» атты стратегиялық оқу-жаттығу жиындарын өткізуді жоспарлап отыр.

Авторы: Риат Шони