Қызылордалық ардагерлер ұрпақтарымызға бейбіт өмір тілейді

Қызылорда облысында көзі тірі үш соғыс ардагері бар.

Бүгінгі бейбіт күнді сыйлаған майдангерлер бүгінде ғасыр ғұмыр иесі атанып отыр. Солардың бірі Тілеуберген Тобабергенұлы бірер күн бұрын ғана 100 жасқа толды. Қарт жауынгер қан майданда екі мәрте ауыр жараланған. Денесіндегі снаряд жарқыншақтырының ізі кейін сыр берген. «Бірақ белсенді дене қимылы мен еңбектен қол үзбеуі денсаулықтың ширақ болуына әсер етті», - дейді жақындары.

Тілеуберген Тобабергенұлы Қазалы ауданының №2 ауылдық кеңесіне қарасты Жамбыл колхозында 1924 жылы дүниеге келген. 1942 жылы майданға алынып, 291-атқыштар полкі құрамында соғысқан. Еуропаның бірнеше қаласын жаудан азат етуге қатысқан. Ғасыр ғұмыр иесі соғыста жүріп өткен жолы мен азат еткен қалаларды жіпке тізгендей айтып беруге дайын.

Тілеуберген Тобабергенұлы Ұлы Отан соғысының ардагері:

- Польшаның жеріне бардық, одан шығып бір айдан кейін Румыния, Болгарияға бардық. Мен екі рет ранен болдым, аяғымнан. Енді Алла соғыс болмасын.

Қарт майдангер соғыстан кейін ауыл шаруашылығында еңбек етті. Жұмыстан қолы қалт етсе, газет-кітап оқып, немерелеріне өсиетті әңгіме айтуды әдетке айналдырған. Тоқсан жастан асса да мал жайғап, еңбекке жақын болды,-дейді майдангердің қызы Марал Түзбаева.

Марал Түзбаева, Т.Тілеубергенұлының қызы:

- Жүзге келемін дегенше бұл кісілер деген кешегі 90 жастың өзінде бұл кісілер тойға барып, билеп жүретін еді. Денсаулығы өте жақсы болды. Тек осы соңғы 2-3 жылда нашарлады. 100 жас аз жас емес дейді. Бір ғасыр ғой енді.

Мерейлі жасқа толған майдангерге Сыр жұртшылығы атынан 3 бөлмелі пәтердің сертификаты табысталды. Жаңа баспана Қазалы ауданының орталығынан бой көтерген жаңа ықшам ауданнан берілді. Бұл ақжолтай жаңалықты ел азаматтарының ерлікке жасаған тағзымы деп қабылдасақ дұрыс шығар.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев