Шағын мүсін шебері

Петропавл қаласының тұрғыны қазақтың тарихи тұлғаларының шағын мүсінін жасайды.

Қазір Кеңес Мұқышевтың қолында Абылайхан, Қарасай мен Ағынтай батырлар, Қожаберген жырау, Абай және Мағжан Жұмабаевтың мүсіндері бар.

Кеңес Мұқышев қолы қалт етсе, қазақтың ұлы тұлғаларының мүсінін жасайды. Мысалы, Абылайхан, Қарасай мен Ағынтай батырлар, Қожаберген жыраудың пішіндері 3Д принтерінде фотополимерлік қарамайдан құйылған. 

Кеңес Мұқышев, қала тұрғыны:

- Бұл Абылайханның мен жасаған ең соңғы үлгісі. Ол барлық өлшемшартқа сәйкес келеді. Мүсіннің 3 Д сызбасын тапсырыспен жасаттым. Дайын нұсқасы принтерде басылды.

Ал Ұлы Абайдың мүсіні арнайы қос сыңарлы пластиктен жасалған. Кеңес Мұқышев одан бөлек қалайы, гипс материалдарын қолданады. Силикон пішіндерін де өзі дайындайды. Енді шахмат тастарын істеуге кірісті.

Кеңес Мұқышев, қала тұрғыны:

- Шахмат тастарын Петропавлмен байланыстырғым келді. Мысалы, қаламыздағы Абылайхан ескерткіші патша болады. Ферьзге Алакөл көлінің жағалауындағы «Солтүстік жұлдызы» стеласын таңдадым. Ал Қарасай мен Ағынтай батырларын офицерге қойдым. Тағысын тағы.

«Бұл пайдадан шығыны көп ермек. Ең бастысы жан – дүнием рахатқа бөленеді», - дейді шебер. Көбінесе, төл туындыларын өнердің қадірін білетіндерге сыйға таратып жібереді.  

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков