Түркістан облысында көшет өндірісі жетілдірілді

Түркістан облысында көкөніс көшеттерін өндіру ісі жетілдірілді, деп хабарлайды 24KZ.

Сарыағаш ауданының агрономдары жылыжай кешеніне жаңа технология енгізді.

Таңдаулы тұқымнан алынған өскіндер мол өнім беріп, тауарға сұраныс көбейді.

Соңғы технологиямен салынған 1 гектар жылыжай кешені толықтай автоматтандырылған. Компьютерлік бағдарлама арқылы желдету, суару технологиясы басқарылып, температура мен ылғалдылықты реттеу жүйесі енгізілген.

Осылайша, көшет өндірісінің үйреншікті әдісі жетілдірілді. Таңдаулы тұқымның күтімі жоғары болғандықтан, өскіндердің төзімділігі мен өнімділігі айтарлықтай артты.

Данияр Қалтаев, қожалық иесі:

- Қазіргі заманда дамыған мемлекеттер қолданып отырған технологияны біз қолдандық. Бұл 30-40% дейін өнімділікті көбейтеді. Өйткені бұл жерде шығын аздау болады. Бұл жерде дәлдік – 97%. Бойлары бірдей болып, бірдей өнім шығу, оның бәрі бұл жерде қатаң түрде сақталады, технологияның бәрі.

Шаруашылықта қияр мен қызанақ, болгар бұрышы мен баклажан, қырыққабат көшеттері шығарылады. Топырағы органикалық тыңайытқыштармен байытылған. Жергілікті 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, ғылыми тәжірибені енгізуге түркиялық агроном тартылды.   

Ният Ергул, бас агроном:

- Жылыжайда көшет шығаруды басталғалы осында жұмыс істеймін. Бұрыш, қияр, баклажан, қызанақ көшеттерін жыл он екі ай тоқтаусыз шығарамыз. Көшеттерді еккен кезде қатты биік болмауын қадағалаймыз. Мәселен, қырыққабат 10 см, қызанақ 18-20 см болса жеткілікті. Одан биік болса, өнімі азайып, қурап кету қаупі де болады. Сондықтан технологиялық тәртіпті қатаң сақтаймыз.

Осылайша, таңдаулы көшеттер Түркістан облысының егістік алқаптары мен жылыжай кешендерінде көптеп өсіріле бастады. Шардара, Мақтаарал, Жетісай аудандарымен қатар Қазығұрт, Ордабасыға жөнелтілді. Жалпы ішкі өнім жылдағыдан жоғары.

Ақтөре Түймебек, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Жалпы облыста 1640 гектар жылыжай, 3366 бірлік жылыжай шаруашылығы бар. Өткен жылы біздегі ақпаратқа сәйкес 116,2 тонна көкөніс өнімдері өндірілген. Жалпы республикадағы жылыжайлардың 71% Түркістан облысының еншісінде.

Өңірдегі жылыжай шаруашылығының иелері саланы әртараптандыруға мән беріп, технологияның тың тәсілдерін игере бастады. Бұл бір алқаптан жылына 3 рет өнім жинауға мүмкіндік беріп отыр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы.