Қазақ қызы Қытайда танылды

Қазақстандық Әлинұр Жеңіс атты ару Қытайда танылды, деп хабарлайды 24KZ.

Екі ел арасында түрлі форумдар өткізген ол «Достық елшісі» наградасын алды. Бұған дейін мұндай марапат тек Димаш Құдайбергенге беріліпті. Әлинұр мұнымен шектелмей, жеке кәсіпкерлікті де қолға алған. Бүгінде өз косметикалық брендін қалыптастырып, елімізде кәсібін өрлетіп жүр.

Аспан асты елінен 15 жыл бұрын көшкен Әлинұр: «атажұртта бағым ашылды», -дейді. Елде 6 жыл тегін оқып, қалаған ісімен айналысуға мүмкіндік алған.

Әлинұр Жеңіс, кәсіпкер:

- Дұрыс шешім қабылдаған әкемізге рақмет. Себебі миллиардтаған қытайлардың ішінде жай ғана бір мүшесі боламыз ғой. Елімізді тапқаныма ризамын.

Әлинұр кәсіби дипломат болмаса да, Қытай мен Қазақстан арасындағы халық дипломатына айналды. 10 жыл бойы түрлі форум мен көрме өткізіп, халық жадында қалды. Ел дамуы үшін шетелдік инвесторларды тартты. Әсте бұл еңбегі ескерусіз қалған жоқ.

Әлинұр Жеңіс, кәсіпкер:

- Екі ел арасындағы «Достық елшісі» деген награданы аламын. Себебі 10 жыл бойы Қытай елі біледі, мен Қазақстанның қонақжай ел екенін, болашағы бар ел екенін көрсету үшін тектен-текке ақша таппай, жұмыс істеп кетемін аудармаға да, форумға да, іс-шараға.

Бүгінде Әлинұр алғашқылардың бірі болып ұлттық нақыштағы косметика өнідмерін шығарады. 20 елде тұтынушысы бар бренд ұлттық болмысымызды одан әрі танытса екен дейді. Кәсібі өрлесе, зауыт ашуға ниетті.

Әлинұр Жеңіс, кәсіпкер:

- Бетке ұстар визитка дейді ғой, сондай болса екен деймін. Өйткені шетелде көптеген кісілер келеді де айтады. Сіздерде шоколад пен балдан басқа нәрсе жоқ әуежайда деп. Сондықтан мен әуежайларға кіргім келеді. Біздің елдің өнімдері де, басқа брендтер емес, ұлттық нақыштағы өнімдер бар екенін.

Кәсіпкердің мақсат-мұраты мұнымен шектелмейді. Халықаралық стандартқа сай үлкен балабақша ашуды көздейді. Бастысы, кәсіп бастауға ниет болса, елде бұған барлық жағдай жасалған, - дейді.

Авторлары: Дана Әлиева, Наурызбай Құрманғазы.