Шымкентте көші-қон қызметінің экс-бастығы тергелуде

Шымкентте көші-қон қызметі полиция басқармасының бұрынғы бастығы тергеліп жатыр.

Оған қылмыстық кодекстік 366 бабы, 3-бөлігі, 4-тармағы бойынша айып тағылды. Яғни қызметтік міндетін асыра пайдаланып, ауғаныстандықтарға Қазақстан азаматтығын алып беру үшін бернеше рет пара алды деген күдікке ілінді. Ашық сот отырысында прокурор сотталушының екі адамнан жалпы сомасы 8 мың АҚШ долларын талап еткенін мәлімдеді. Жеңіл жолмен пайда табу үшін араға серіктесін де қосқан. Алайда делдал кінәсін толық мойындағанымен, күдіктінің өзі тағылған айыппен мүлде келіспеді. Себебі сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде біршама заңсыздықтар болып, іс бұрмаланған деп естептейді. Судья, өтініш хатпен толық танысып шығу үшін прокурорға тағы бір апта уақыт берді.

Айта кетейік, былтыр лауазымды шендіні ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел тергеу тобы мен Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік қызметі өкілдері қолға түсірген болатын. 

Нұржан Есболов, қала прокуратурасының басқарма прокуроры:

- Қоғамның мемлекетке деген сенімін, мемлекеттік қызметтің беделі мен бейнесін түсіріп, заңсыз материалдық пайда табу ниетін көздей отырып, Шымкент қаласының аумағында пара берушінің пайдасына жасаған қызметтік өкілеттігіне кіретін әрекеттері үшін айтарлықтай мөлшерде делдал арқылы ақшалай пара алып, пайда табуды көздеген.