Қостанай өңіріндегі жылыжайларда өнім жинау басталды

Қысы қытымыр Қостанай өңірінде жылыжай ұстап, көкөніс өсіріп отырғандар бар.

Қазір жылыжай иелері өнім жинай бастады. Бұл кәсіпппен айналысудың тәуекелі көп. Жылуың, жарығың жетпей жатса, бар еңбегіңнің еш болғаны. Оның сыртында шағын жылыжай ұстайтындарға үкімет тарапынан көмек жоқ. Рудный қаласында Мәжіліс депутаттарымен кездескен шаруалардың базынасы осы.

Рудный қаласында 2 жылыжай бар. Жалпы аумағы 5 мың шаршы метр. Негізінен қияр өсіреді. Әрине басқа да жеміс-жидек, көкеніс түрлерін ексек деген ниеттері бар, бірақ оған мүмкіндіктері жоқ.

Наталья Гергель, жылыжай директоры:

- Жылыжайды кеңейткіміз келген. Оған шамамыз жетпейді. Бұл он бес жыл бұрын салынған құрылым ғой, қазір тозығы жетті. Үкімет тарапынан қаржылай көмек болса, кеңейтіп, жылыжайды қайта жаңғыртар едік. Кемі 300 миллион тенге керек.

Рудныйдағы екі жылыжайдан шамамен 100 тоннадай қияр жиналады. Бұл қала сұранысының 30-40 процентін жабады. «Егер бізге көмек-қолдау көрсетілсе, жылыжай шараушылығын өндірістік денгейге көтеріп, шағын шаһарды органикалық өніммен өзіміз қамтамасыз етер едік», – дейді кәсіпкерлер. Депутаттар да олардың өтініш-тілегін түсіністікпен қабылдады.

Айдарбек Ходжаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Осындай өңірлік жылыжайдар қаржыландырылмайды екен. Қаржыландырылыатын және субсидияландырылатын жылыжайлар индустрияландырылған сондай үлкен өндірістік жылыжайлар. Бірақ әр өңірде осындай-осындай кішкентай жылыжайлар қажет. Сондықтан да осы мәселені біз міндетті түрде барып, Астанаға жеткеннен кейін, Парламентте осы мәселені көтереміз.

Баға бәсекесінде оңтүстік өңірлерге төтеп беру қиын екендігін жергілікті шаруалар мойындайды. Қиярдың келісі 1200-1400 тенгеге шығады дейді. Бірақ балғын, тазалығы, сапасы жағынан ұтарымыз анық деп отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамдияров