Елімізде жатыр мойны обырына қарсы екпе салынады

Елімізде қыркүйектен бастап 11 жастағы қыздарға жатыр мойны обырына қарсы вакцина салынады, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір әйелдер арасында бұл қатерлі ісіктің таралуы сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Жыл сайын 2 мыңға жуық әйелге осы диагноз қойылады. Өкінішке қарай, көптеген науқас осы аты жаман аурудан көз жұмады. Дәрігерлер вакцина арқылы жатыр мойны обырының алдын алуға болады деп отыр. Екпе папиллома вирусына қарсы салынады. Көп жағдайда жатыр мойны обырының дамуына осы вирус себеп. Қазір вакцинаның бұл түрін бірқатар шет мемлекет иммундау бағдарламасына енгізіп жатыр. Екпе бедеулікке әкелмейді, сондай-ақ қыз балаларға ата-анасының рұқсатымен ғана салынады.

Толқын Садықова, Қазақ онкология және радиология ҒЗИ бөлім меңгерушісі:

- Адам папиломма вирусына қарсы вакцина шықты. Ол бүкіл Еуропада, шетелдердің 170 елінде ендіріліп, 9 жас пен 15 жастың арасындағы қыз балаларға енгізіліп жатыр. Қазіргі кезде тіпті Еуропада ер балалар да осы вакцинацияны алып жатыр. 11 жастағы қыздар осы вакцинаны алады. 1 дозалық америкалық вакцина. Гардасил, 4 валентті. 1 дозасын салатын болып шешті Қазақстанда. Нәтижесі 10 жылға жетеді.