Ішкі мигранттар саны артып келеді

2014-2018 жылдары елімізде ішкі мигранттардың саны екі есеге артқан, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл үрдіс әлі де байқалады. Ішкі көші-қон ауқымының осылай күрт өсуі аймақтардағы еңбек күші деңгейінің әртүрлілігін көрсетеді. Жұмыс күші аз аймақтарға халықты қоныстандыру әлі де жалғасады. 

Мәселен, өткен жылы осындай өңірлерге 8 903 адам қоныс аударған. Оның 2 мыңнан астамы қандастарымыз болса, 7 мыңға жуығы – өзге өңірлерден көшіп келген отандастарымыз. Алайда ауа райының жақпауы, баспана жайы, сонымен қатар басқа да мәселелермен 49 отбасы немесе 184 адам қайта көшіп кеткен. Биыл қоныстандыру жобасы аясында тағы 9483 квота бөлінбек, ол былтырғымен салыстырғанда 554-ке көп. Өңірлерге көшіп барғандарды жұмыспен қамту шаралары да назардан тыс қалмаған. Өткен жылы қоныс аударғандардың ішінде еңбекке қабілетті 4 мыңнан астам азамат бар. Оның 3 079-ы тұрақты жұмыспен қамтылған. 164 адам жеке кәсіпкерлікпен айналысуды бастаған. 35 адамға бизнес ашу үшін гранттар берілген.