«Аbu-Dhabi – Turkistan» әуе рейсі ашылды

«Аbu-Dhabi-Turkistan» бағытындағы алғашқы әуе рейсі іске қосылды, деп хабарлайды 24KZ.

Әбу-Дабиден ұшып шыққан Airbus 321 ұшағы Түркістан халықаралық әуежайына келіп қонды. Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал туристік қаласынан бағыт алған ұшақта 100 жолаушы мен 7 экипаж мүшесі болды. Жолаушылардың 40%-і – шетелдік сяхатшы. Сондай-ақ дәл осы күні рухани астана Түркістаннан Әбу-Дабиге 200 адам ұшып кетті. Мамандар билет бағасы қолжетімді екенін, ертерек алған жағдайда 20 мың теңгеден басталатынын айтады. Биыл Түркістан Түркі әлемінің туристік астанасы мәртебесіне ие болды. Ондағы халықаралық әуежайы арқылы Стамбул мен Эль-Кувейтке халықаралық, Қазақстан ішінде Астана, Алматы, Қарағанды, Орал, Ақтөбе және Ақтау қалаларына республикалық рейстер тұрақты ұшады.

Ахмед Баши, турист:

- Мен Дубайда тұратын үндістандық боламын. Бүкіл әлем бойынша саяхаттаймын. Қазақстанға алғаш рет келуім. Былтыр Өзбекстанда болғанмын. Мен Қазақстанға 4 күнге келдім. Түркістан облысының тарихи-мәдени жерлер мен туристік орындарын көрсем деген жоспарым бар.

Ілияс Нұғманов, Түркістан халықаралық әуежайының басқарушы директоры:

- Бұл рейстер аптасына 3 рет ұшады. Әрі қарай жолаушыларымыз көбейіп жатса, қарқыны өседі деп ойлаймын. Туризмнің дамуына өте керемет әсері бар. Басқа елдерден келіп жатқан жолаушылардың арқасында өседі деп ойлаймын.