Электрондық саудада сақтық керек

Онлайн сауданың тасы өрге домалаған сайын тұтынушылар тарапынан түсетін шағым да көбейіп келеді.

Былтыр Сауда және интеграция министрлігіне 8 мыңға жуық адам арыз түсірді. Ал 2022 жылы 2 мың 663 шағым жазылған. Яғни, статистика 3 есеге жуық өсіп отыр.

Тұтынушылар көбіне сатушы және тауар жайлы ақпараттың жоқтығына, өнімнің сипаттамасына сәйкес болмауына, интернет-сайттардың заттарды қайтарып алудан немесе айырбастаудан бас тартуына наразылық танытады. Әрине, бұл жерде ең әуелі  тұтынушының өзі абай болуы қажет. Себебі желінің арғы басында кім отырғаны белгісіз.

Кейінгі жылдары электронды дүкендердің саудасы қызды. Базар аралап, табан тоздырудың қажеті жоқ. Іздеген затыңызды телефонның ішінен тауып алуға болады. Өткен жылдың 11 айында еліміздегі онлайн сауда айналымы 2 трлн теңгеден асты. Қазақстандықтар көбінесе киім-кешек пен азық-түлік, дәрі-дәрмек сынды ұсақ-түйек заттарды интернет арқылы сатып алғанды жөн көреді.

Блиц:

- Үйге продукты заказ бердім. 10-15 минутта әкеліп тастады. Зачем мындай суықта шығып, жүріп, әуре болып. Әртүрлі сервистар қазір көбейіп жатыр ғой. 

- Көбіне мен характеристикасына қараймын. Сосын барып алған клиенттердің пікірлерін қараймын. Отзывтар қалдырады ғой. Көп отзыв болса, товар дұрыс деген сияқты. Отзывына көбірек мән беру керек деп ойлаймын.

- Косметика мысалы, өзімнің бұрын алып жүрген косметикаларым, проверенный болса, соны аламыз. Үйдің заттары, кухняның заттары, кішкентай заттарды аламыз. Телефонмен үйде отырып заказ бере бересің. Магазиндерге барып, қарап жүрмейсің.

Электронды сауда жақын уақытта жаһандық экономиканың драйверіне айналады дейді әлемдік сарапшылар. Сондықтан, бұл саладағы қауіпсіздік те басты назарда болуы тиіс. Көзбен көріп, қолмен ұстамаған тауарды сатып аларда тәуекелдердің де барын ескерген жөн. Жарнамада жарқырап тұрған бұйымның сапасы сын көтермейтін жағдай жиі кездеседі. Былтыр Сауда және интеграция министрлігіне 8 мыңға жуық тұтынушыдан шағым түсті. Олардың жартысынан астамы әлеуметтік желідегі саудаға қатысты болды. 34 пайызы сауда желілерінің интернет сайттарына шағым білдірді. Сондай-ақ, маркетплейстер жұмысына байланысты 847 арыз қаралды. Нәтижесінде, бірқатар алпауыт компания арқылы тауар сатып алған тұтынушыларға 46 млн теңге қайтарылды. Мамандар алаяқтардан да абай болу қажет дейді.

Тұтынушыға қайтарылған сома:

Wildberries – 32 млн теңге

Каспий – 14 млн теңге

Тұрсын Жағыпарова Қазақстан тұтынушылары республикалық қауымдастығы төрағасының орынбасары:

- Негізі осы ақпаратты әр тұтынушы біліп жүрсе, мен ойлаймын, көп мәселені осылай сақтап қалуға болады. Жүйкесі тозады, ақшасы кетеді. Жүреді, өйтеді, бүйтеді. Сондай болмас үшін алдын ала өте мұқият болу керек. Әсіресе, тағы тоқтап айтып кететінім, сатып алған заттарыңыздың маркировкасы болмаса, алмаңыздар.

Келесі жылы интернет сауданың үлесі әлемдегі бөлшек сауданың 25 пайызынан асып түседі деген болжам бар. Сондықтан, Үкімет электрондық сауданы жан-жақты дамытуға күш салып отыр. Яғни, отандық онлайн-дүкендерді дамытуға баса көңіл бөлінбек. Бұл орайда, төлем жүйесінің, көлік-логистика жұмысын ширату – бүгінгі күннің басты міндеттеріне айналды.

Авторлары: Альмира Оразбай, Нұрқанат Қанапия,Ақылбек Есімсейітов