Баспана пана болмай барады

Орал қаласында 160-қа жуық отбасы пәтерлерінде тоңып, бүрсеңдеп отыруға мәжбүр.

Барлығы жаппай амалдап жылытқыш қосып қойған. Ал ол коммуналдық шығынды еселей түсуде. Тұрғындар бұл проблеманы көрші үйлерді ортақ жылыту жүйесіне қосумен байланыстырады. Оған қоса жылу сорғысының ауыстырылғанына да шағымданып отыр.

Динара Көжентаева осы үйге 3 жыл бұрын көшіп келді. Қыс келсе әбігерге түсетінін айтады. Жылыту құрылғысы болмаса жағдай тіптен қиындай түседі. Ал газ плитасы тәулік бойы қосылып тұрады. 

Динара Көжентаева, қала тұрғыны:

- Бәріміз бір бөлмеде ұйықтаймыз. Жылытқыш күні-түні қосылып тұрады. Сондықтан электр энергиясының шығыны да көбейіп тұр. 13 мың теңге төлеуім керек.

Алғашында жылуға қатысты ешқандай проблема болмаған. Тек соңғы 1-2 жылда пайда бола бастады, дейді тұрғындар. Сол кезде пәтерлерде салқын сезілгенде үй басқа жылу желісіне қосылған. Бірақ одан еш нәтиже болмапты. Кейін жылыту сорғыларын ауыстыру туралы шешім шығарылған.  

Салауат Байдиев, коммуналдық кәсіпорынның жылу инспекциясы бөлімінің бастығы:

- Оларда 5 жарым киловаттық сорғы тұрды. Қуаттылығы сонша, ондай сорғыны 11 үйге жылу беретін қазандықтарға салады. Ал олар екі сорғыны бір үйге орналастырған. Содан қазандықтың қысымы төмендейді. Осыған сәйкес әкімдікпен бірлесе отырып, сорғыларды ауыстыру туралы шешім шығарылды.

Мира Хамидоллиева, қала тұрғыны:

- Біз мұнда 9 жыл тұрдық. Сорғылардың ешкімге зияны болған жоқ. Бірақ биыл соны ауыстырды. Ол не үшін? Бұған дейін мұндай мәселе болмаған. 5 қабатты үйде жылу болмаса, неге біздің сорғыны ауыстырады? Олар біздің қазандыққа қосылғаннан кейін осындай жағдай болып отыр.

Мамандар бірауыздан жылу жүйесі талапқа сай, деп отыр. Енді пәтерлерге берілетін жылуды қалпына келтіру үшін құбырларды ауыстыру қажет.

Нұртілеу Шайдығалиев, қалалық ТҮКШ және газтехникалық инспекцияның сектор меңгерушісі:

- 32 мм диаметрлі құбырлар тұрса, жылумен қамтамасыз ету реттеледі деген ұсыныс беріп отыр «Жайықжылуқуат» ұйымы. Сондай-ақ олардың ұсынысы бір пәтерді 32 диаметрлік құбырға ауыстырып, тексеріп көру. Егер бір пәтерде жақсы жылу жүйесі барып тұрса, барлық қалған пәтерді ауыстыру ұсынып отыр. Ол жағы әлі де тексерілетін болады.

Тұрғындар құбырды ауыстыру қисынға келмейді, дейді. Себебі барлық шығынды өздері өтеуге мәжбүр болады. Мемлекеттік бағдарламамен салынған жаңа үйдегі мәселені шешу үшін жұмыс тобы құрылды. Жауаптылар тез арада мәселені шешуге уәде берді.

Асланбек Шығыр, Альбина Кумаргалиева, Ербол Мендыгалиев, Эльдар Аюпов, «24.KZ», Орал.