Төрт жылдан бері жылусыз отырған «Көне Тараз»

Таразда 2019 жылы қолданысқа берілген «Көне Тараз» тарихи этномәдени кешенінде әлі күнге жылу жоқ.

Ал ондағы 5 мекеменің мамандары қыста электр құрылғыларымен жылынуға мәжбүр. Жергілікті билік болса мәселені шешуді биыл ғана қолға алғандай. Жауаптылар жылу желісі жоқ нысандарды қалай қабылдаған?

Тараздың қақ ортасындағы «Көне Тараз» кешені 4 жыл бұрын салтанатты түрде ашылған. Сол кезде бес нысанның біріне «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау дирекциясы» орналасты. Бірақ мекеме басшылығы жаңа ғимаратты қарамағына алуға асықпады. Себебі нысанда жылу жүйесі атымен жоқ. Қызметкерлер салқын жерде жұмыс істеуге мәжбүр.

Ержан Сланов, "Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының" бас инспекторы:

- Ауа температурасы салқын. Яғни сырт киіммен жүруге тура кеп тұр. Жылу жүйесі қосылмаған. Бастапқыда салынбаған. Ал қазіргі кезде электр батареяларымен жылытып отыр. Аяздың кезінде ауа райының күрт төмендеуіне байланысты сол кезде осы едендегі кафель плиталар жарылып кетті.

Біз қазір Көрме павильонындамыз. Мұнда жаз бен көктем мезгілдерінде ірі халықаралық көрмелер ұйымдастырылады. Ал қыста осылай қаңырап бос қалады. Себебі жылу жүйесі жоқ нысанда ауа температурасы тым төмен. Ал алда-жалда іс-шара бола қалса, мұндағы мамандар жылыту қондырғыларымен амалдайды. Бірнеше күн бұрын қосып, бұл жерді жылытып отырады.

Кешенде орналасқан облыстық тарихи-өлкетану музейінде де жылу жоқ. Жоспар бойынша нысан күн панельдері арқылы өз-өзін жарық және жылумен қамтуы тиіс. Бірақ инновациялық жоба алғашқы жылы жұмыс істеп, кейін істен шыққан. Оған қоса арнайы маман да табылмаған. Енді жылу құбырларын жүргізу үшін тағы да қаржы қажет. 

Қайрат Исмаил, қала әкімінің орынбасары:

- Блокты модульді қазандық қойылтын болады. Оған біз ЖСҚ әзірледік. Бүгінде сол кешендерді жылу жүйесін автономды тәртіпте іске қосу үшін 432 млн тг ЖСҚ әзірленді. Бұл жұмыстар енді мынау жылыту маусымы тоқтатылғаннан кейін осы сәуір айынан бастап іске асырылатын болады.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы “Көне Тараз” кешенінде ешқандай тексеру жұмыстары жүргізілмегенін айтты. Қалалық құрылыс басқармасының мамандары да бұған дейін ешқандай шағым түспегенін айтып отыр.

Ғалымжан Кайыпов, қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Пайдалануға тапсыру уақытында жылыту жүйесі толық жұмыс жағдайында болатын. Сонымен қатар күн жылу батареялары да жұмыс жағдайында болатын. Ешқандай ауытқулар болған емес. Бүгінгі таңда 3 жыл өткеннен кейін барып, мәдениет басқармасы тарапынан нысандардың жылымайтындығы туралы анықталды.

Жергілікті әкімдік бұған дейін жылумен қамтитын мердігерді сотқа берген. Бірақ сот 3 жылдық кепілдік мерзімінің өтіп кетуіне байланысты шара қолданбаған. Енді мәселені тез арада шешу қала билігінің өз қолында. Себебі қажетті қаржы қала әкімдігінен бөлінеді.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә, «24.KZ», Тараз.