Алматыда ивент компаниялардың конференциясы өтті

Алматыда жалға беруші және ивент компанияларының екінші Орталық Азиялық конференциясы өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Іс-шара еліміздің Ақпарат және мәдениет министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған. Конференцияға шоу-индустрия, сахна режиссурасы, дыбыс және жарық компанияларының өкілдері қатысып жатыр. Бәрі Орталық Азия елдерінің нарығында жұмыс істейді. Оған елімізден өзге Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресейден қызметкерлер келді. Осы саланың білікті мамандары шеберлік сабақтарын өткізіп, тәжірибелерін бөлісті. Сондай-ақ сахна режиссурасына қажетті дыбыс және жарық қою кезінде қолданылатын жаңа құрал-жабдықтар таныстырылды. Конференцияның мақсаты –  инженерлердің біліктілігін арттыру. 

Рустам Мусин, конференцияны ұйымдастырушы:

- Біз болашақта театр мамандарының басын қосып, осындай конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар біздің компания мемлекеттік мекемелердегі мәжіліс залдарын жабдықтаумен айналысады. Мемлекеттік мекемелерге қызмет көрсететін мамандарға арнап тағы бір конференция ұйымдастырамыз.