Маңғыстау облысындағы жас сарбаздар оқу-жаттығу өткізді

Маңғыстау облысындағы «Оймашы» полигонында ауқымды оқу-жаттығу өтті.

Жауынгерлік тактикалық жиын шынайы ұрысқа мейлінше жақын жағдайда ұйымдастырылды. Оған жуырда ғана әскери ант қабылдаған 200-ден аса жас сарбаз қатысты. Теңіз жаяу әскері әртүрлі атыс қаруынан, сондай-ақ броньды техника зеңбірегі мен пулеметтен бірінші рет нысана көздеді. Отан қорғаушылар бұған дейін казармада алғашқы әскери даярлықтан өткен.

Теңіз бригадасының бөлімшелері полигонда сап түзеді. Қорғаныс шебінде барлаушылар және жаяу әскерді қолдауға арналған «БТР-82а» маркалы соғыс машиналары тұр. Әрқайсының бортына 7 десант отырады. Броньды көліктердің экипажы 30-миллиметрлік автоматты зеңбіректен нысана көздеді.

Осы мезетте Теңіз жаяу әскері атыс нүктелеріне бекініп, команда күтті. Жаттығу бағдарламасына сәйкес қарсыласқа граната лақтырып, автомат және пулеметтен оқ жаудырды. Нұсқаушылар атыс соңында нысананы дәл көздеген сарбаздарға жоғары баға қойды.

Бексұлтан Алдаберген, танк батальонының командирі:

- Теңіз бригадасының жеке құрамына қабылданған сарбаздар бұған дейін казармада сабақ оқыды. Атыс қаруларын құрастырып, оқтауды үйренді. Броньдалған техникаларды басқару тетіктері және зеңбірегімен танысты. Міне, бүгін олар полигон жағдайында атыс жүргізуді үйреніп жатыр.

Тактикалық оқу-жаттығудың екінші кезеңі түнгі мезгілде жалғасты. Бұл жолы жауынгерлер снайперлік қарудан оқ атқан соң, позицияны жылдам ауыстыруға дағдыланды.

Алмат Қасымхан, гвардия атқышы:

- Біздің бір ай бойы жинаған, дайындалған теория жүзіндегі сабақтарымызды дәл осы сәтте практика жүзінде көрсетудеміз. Мен өз бақылау жаттығуымды орындап, жақсы деңгейде көрсетіп, бес деген баға алдым. Алдағы уақытта осындай жаттығулардың арқасында өз қаруымның шебері болуға дайынмын.

Теңіз жаяу әскері танкіжойғыш гранатометтен оқ атудан да шеберлігін байқатты. Айта кету керек, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы сарбаздардың жауынгерлік даярлығын жаңа жүйе бойынша өткізуді қолға алып жатыр. Бұдан былай оқу-жаттығулар ғимараттар арасында шынайы ұрысқа жақын жағдайда жиі ұйымдастырылады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев