Астаналық «Өндіріс» тұрғын алабының жағдайы елорданың сәнін кетіріп тұр

Қар аршылмаған жол, мұз қатқан құбыр, қираған ойын алаңы.

Астанадағы «Өндіріс» тұрғын үй алабының қазіргі көрінісі осындай. Аумақтағы инфрақұрылым әлеуеті көңіл көншітпейді. Тұрғындар осылай деп шағымдануда. Мәселе қалай шешілмек?

Бауыржан Жұмашев бұл ауданда 20 жылдан бері тұрады. Зайыбы Гүлбайра екеуі осы аралықта инфрақұрылым жақсара қоймағанын айтады. Тиісті маусымдық жұмыстар да уақтылы жүргізілмейді екен. Қытымыр қыста жағдайымыз тіптен қиын, дейді олар.

Бауыржан Жұмашев, қала тұрғыны:

- Колонка қатып қалады. Оны енді келіп істеп береді, но все равно звонит етіп, әйтеуір неғыламыз. Ал мына қар жағынан проблема бізде. Тазалайды, бірақ бір айда бір рет. Қаңғыбас ит көп. Өте көп. Қауіпті.

Гүлбайра Қасабекова, қала тұрғыны:

- Мына бізден 500 метр жерде теплотрасса бар келіп тұрған. Міне, мына саунаға келіп тұр ыстық су. 500 метр. Содан бері қарай бізге, осы жерде елу-ақ үйміз, соған тартып берсе болар еді ғой.

Ал бүлдіршіндерге ойын алаңы қажет. Онсыз да бұралқы иттер қаптап жүрген көшеге ата-аналар балаларын жіберуге қорқады.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Бұл ойын алаңы бірер жыл бұрын ғана салынған екен. Алайда арада көп уақыт өтпей әлдекімдер темір қоршаудан бастап жабдықтардың бөлшектерін ұрлап кеткен. Ал маңайда бейнебақылау камерасы атымен жоқ. Қазір алаң жарамсыз күйде тұр.

Зайнап Мансурова қала тұрғыны:

-Балалар ойнайтын орын жоқ. Алаңдағы темірдің бәрін алып кетті. Қазір балалар көше бойына шығып ойнайды. Ал ол қауіпті ғой. Әсіресе бұралқы иттерден үрейленеміз.

Оның үстіне бұл аумақты теміржол кесіп өтеді. Пойыздар тәулік бойы жүріп жатыр. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі үшін ойын алаңы міндетті түрде керек, дейді жұртшылық. Түсірілім кезінде тұрғын үй алабына келген әкімдік қызметкері сұхбат беруден бас тартты. Кейін Байқоңыр ауданының әкімдігіне редакциямыздан сауал жолданды. Олардың ресми жауабы алдағы шығарылымдарда көрсетіледі.

Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов