Орал қаласындағы сотталғандардың 55% жұмыспен қамтылған

Орал қаласындағы екі колонияда 1200-дей азамат жазасын өтеп жатса, соның еңбекке жарамдыларының 55% жұмыспен қамтылған. 

Бұл өз кезегінде сотталғандардың табыс тауып отбасын асырауына, мойнындағы берешектерін өтеуіне және жаңа кәсіп түрлерін меңгеруіне мүмкіндік береді.

Орал қаласындағы максимальды қауіпсіздіктегі №28 колония 2016 жылы ашылыпты. Бүгінде мұнда тек Батыс Қазақстан емес, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарының сотталған азаматтары да жазасын өтеп жатыр. Солардың бірі 47 жастағы Айдын Зейналов. Ол осында келіп дәнекерлеу ісін үйреніпті. Трансформаторлардың сыртқы қорабын жасайды.

Айдын Зейналов, жазасын өтеуші:

- 3 жыл болды осында отырғаныма. Сот үкімімен 10 жылға бас бостандығымнан айрылдым. Қазір азды-көпті табыс тауып, шай-темекімді айырып, мемлекет алдындағы борышымды өтеп жатырмын. Жаңадан кәсіп меңгердім. Кейін бостандықта қадеге жарар деп ойлаймын.

Жазасын өтеу орнында «Еңбек» кәсіпорнынан бөлек 6 кәсіпкер өз цехтарын ашып, өндірісті жолға қойған. Қыз жасауынан бастап, саз аспаптары, ағаш бұйымдар, түрлі жылыту пештері, кәуап қақтайтын құралдарға шейін жасалады. Кейін ол өнімдер арнайы дүкендерде сатылады.

Бауыржан Молдашев, кәсіпкер:

- Бізге жер беріп отыр. Сосын қол күшін беріп отыр. Арзан қол күші. Ия осыларға жұмысымызды жасатып, еңбегін төлеп, талап-арыздарын төлеп отырмыз үкіметке. Үлкен жеңілдік болып тұр бізге. Мұнда бір жақсысы үнемі кісілер ішінде болғасын демалыста бір демалады. Ынтасы жақсы, жаман емес. Өзімізге байланысты. Адамгершілікпен сөйлессең істеп жатыр.

Орал қаласындағы екі жазасын өтеу колониясында 1200-дей сотталушы болса, соның ішіндегі еңбекке жарамдыларының 55% бүгінде еңбекке тартылған.

Асқар Тілегенов, БҚО Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары:

- 2022 жылы жұмыспен қамту көрсеткіші 60% еді. Алайда былтыр өзге өңірлерден бас бостандығынан айрылғандардың осында көптеп ауыстырылуына байланысты бұл көрсеткіш сәл кеміді. Дәл қазір мұнда «Еңбек-Жайық» филиалы бар. Олардың тігін цехы бар, наубайханасы бар. Одан басқа 6 жеке кәсіпкер металл өңдеу, ағаш өңдеумен айналысады, тері-былғары бұйымдарын жасайды.

Колониядағы жұмыс берушілер келешекте әлеуметтік кәсіпкерлер санатына қосылмақ. Заңнамадағы өзгерістер биыл күшіне енеді дейді мамандар. Сонда темір тордың ар жағындағы кәсіпкерлер түрлі салық жеңілдіктерін алады, мемлекеттік сатып алусыз тікелей өнімдерін өткізеді. Бұл өз кезегінде сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырларды еңбекпен тәрбиелеу ісіне де әсер етпек.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов