Ауылдағы өнімге сұраныс жоғары

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында былтыр 1700-ден астам бизнес бастама қолдау тапты.

Нәтижесінде, елді мекендерде кәсіп бастаған тұрғындардың өнімдері қазір нарыққа шығарылып жатыр. Ал Мәртөк ауданы бойынша жобаға қатысқандар өңірде алғаш болып өз тауарларын өңір орталығындағы арнайы дүкен мен коммуналдық базарда сатады.

Бақыт Бердібаеваның нан пісіріп, сатумен айналысқанына 4 жылға жуықтады. Ал былтыр ауыл тұрғындарына арналған жобаға қатысып бес миллион теңге иемденуі, кәсібінің қарқын алуына септігін тигізді. Қаражатқа қажетті жабдықтар алып, қазір күніне жүздеген дана нан бөлкелерін шығарады. Төрт баланың анасы осы ісінің арқасында төрт жерлесін де жұмыспен қамтып отыр.

Бақыт Бердібаева, көпбалалы ана:

- Жалғыз өзім жасайтынмын нанның бәрін өзім пісіріп, магазиндерге өзім тапсыратынмын. «Ауыл аманаты» болғаннан кейін осы заттың бәрін алып, қыздарға жұмыс жасауға қолайлылық туды. Өнімдерімді көрші ауылдарымыз Қурайлыға жібереміз, ауылымыздың магазиндеріне апарамыз, сосын қаланың магазиндеріне тасимыз, базарларға тасимыз.

«Ауыл аманатының» игілігін Ерғазы Дабыл да көріп отыр. Бұрын көлік жүргізушісі болып еңбек еткен ол қазір бөдене өсіреді. Қыркүйекте ғана мың данасын алып іс бастаған кәсіп иесі, қазір санын тағы бес жүзге арттырған. Ал, еті мен жұмыртқасын іздеп келушілер көп. Ендігі арманы бөденеге қажетті жемді әзірлеу ісін үйрену.

Ерғазы Дабыл, Сарыжар ауылының тұрғыны:

- Қазір енді сұраныста. Еті де, жұмыртқасы да, бәрі өтіп тұр. Күн жылығасын қайтадан инкубатор салам. Әрі қарай тағы шығарып көбейте беруім керек. Бес мың басқа дейін апарғым келіп тұр.

Жоба бастау алған алғашқы жылы осы Мәртөк ауданында 214 тұрғынның өтініші мақұлданып, бір миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ал өнімдері қазір саудаға шығарылып жатыр. Тіпті, өлкедегі ірі дүкендерден өзге, облыс орталығындағы базарларға да жеткізілуде.

Бақытжан Мұлқаев, Мәртөк аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Басымдық бізде құс шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығында және орта және шағын бизнесте. Брусчатка жасайтын цех ашылды, техобслуживание ашылып жатыр, шаштараздар ашылып жатыр.

Жоба биыл да жалғасын таппақ. Аудан бойынша осы жылы бірнеше округтің тұрғындарын кәсіпке баулу көзделіп отыр. Бизнес бастамаларды қолдауға жеңілдетілген несие ұсынылады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев