Семейде ерлігімен танылған әскери қызметкерлер марапатталды

Қарулы Күштердің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыс жөніндегі командирлерінің орынбасарлары институтының құрылғанына 31 жыл толды, деп хабарлайды 24KZ.

Президент Жарлығымен ашылған құрылым әскерлердің мәртебесі мен сарбаздардың патриоттық рухын көтеру бағытында ауқымды жұмыс атқарған. Мерейтойлық шараға орай Семейдегі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында оқу-әдістемелік жиын өтті. Кәсіби шеберлігімен көзге түсіп, ерлігімен танылған қызметкерлерге марапат тапсырылды.

Тілеухан Басқожаев, Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы:

- 30 жыл ішінде Тәуелсіз Қазақстанымызбен қатар қадам басып, үлкен ұжым ретінде өзіміздің үлесімізді қосып келе жатырмыз. Өсіп, дамып, деңгей-дәрежемізді күнделікті жұмыспен, тыңғылықты жұмыспен көрсетіп келе жатырмыз. Әрине, 30 жылдың ішінде үлкен өзгерістер болды. Атауы да өзгерді. Бірақ жалпы мәтіні мен мәні, мақсаты, өзінің қызметін ешқашан өзгерген емес.