Қостанай облысында құс еті мен сүт өндірісі артады

Қостанай облысының Қарабалық ауданында биыл ауыл шаруашылығы бағытында екі жоба жүзеге асырылады.

Жазда жасанды жолмен балапан шығаратын инкубатор құрылысы басталмақ. Қазір ауданда 12 құс қорасы бар. Алдағы екі жылда оның саны 23-ке жеткізілмек. Сол кезде өндіріс көлемі екі есе артып, жылына 13 мың тоннаға жуық құс еті шығарылады. Сондай-ақ былтыр Новотроицк ауылында тауарлы сүт фермасының құрылысы басталды. Қазір ол жерге су өткізіліп, электр желісі тартылған. Техника тұратын ғимарат, үй-жайлар салынды. «Күзде Австралиядан 600 бас сүтті сиырлар әкелінеді. 3 миллиард тенге тұратын бұл жоба бес-алты жылда өзін ақтап шығады», - дейді жергілікті мамандар.  

Марал Ыбырай, Қарабалық ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Жылына 3 мың 700 тонна сүт өндіреді. Есептеуімізше алғашқы кезеңде таза табыс 500 миллион теңге маңайында болады. Кеткен шығындар өтелгеннен кейін, жылдық түсім 1 миллиард 200 миллион теңгеге жетеді. Өнім аудан, облыс аумағында өткізіледі. Болашақта сүтті қайта өңдеу жоспарда бар.