Табиғаттың жас жанашырлары

Табиғаттың жас жанашырлары

Қостанай облысындағы Боскөл жалпы білім беру мектебін биолог, экологтардың ұстаханасы десе болады.

Соңғы бес жылда білім ордасынан түлеп ұшқан түлектердің он шақтысы осы мамандықты таңдаған. Оның өзіндік себебі бар. Бұл ауылда тал егіп, табиғатты аялауды бала жастан үйретеді.

Боскөл мектебінде де қолөнер үйірмесі бар. Бірақ басқалардан ерекшелігі мұнда қажетті материал ретінде тек тұрмыс қалдықтары қолданылады. Тасталған қағаз, мата-жіп, пластикалық бөтелкелерден балалар өз қолдарымен түрлі бұйымдар жасайды.     

Дарья Ветчинникова, оқушы:

- Бұл біздің ой-қиялымызды дамытады. Тұрмыс қалдықтарынан қандай бір бұйым жасау екінің бірінің қолынан келмейді. Ол үшін шабыт, сонымен бірге шыдамдылық керек. Және осы ісімізбен біз жерімізді, экологияны таза ұстауға өз үлесімізді қосамыз.

Бұл мектепте биология басты пән десек артық айтқандық емес.  Оқушылар өсімдіктер әлемімен теориялық негізде ғана танысып қоймай, тәжірибе жүзінде тұқымын егіп, түрлі ағаш, бұталар өсіреді.

Ирина Алфутова, биология пәнінің мұғалімі:

- Біз негізінен өзіміздің өңірге бейім өсімдіктерді зерттейміз. Және жергілікті орман шараушылығына қажетті жасыл желек түрлерін өсіруге тырысамыз. Қыс мезгілі сабақ барысында алдымен топырақ, ыдысын дайындап аламыз. Сосын ақпан айынан тұқымын отырғыза бастаймыз.

Балалар өсірген жас өскіндер сұранысқа ие. Былтырдың өзінде ауыл-аймақтарды көгалдандыруға осы мектептен 500-ге жуық түрлі өсімдік алынған. Мектеп жанындағы тәлімбақта ағаш-бұталардың он шақты түрі егілген. Олардың арасында бұл жаққа таңсық бамбук ағашы да бар. Бұл жобаны олар әлі де дамытпақ. 

Юрий Алфутов, Боскөл жалпы білім беру мектебінің директоры:

- Сол үшінда жаңа құрал-жабдықтар алдық. Ұсақ өсінділер шығаратын арнайы ыдыстар, жарық шамдар, жылу генераторы,ылғалдатқыш құрылғылары дайын тұр. Енді оны ақпанның 15-нен іске қосып, жаңа маусымды бастаймыз.

Жалпы мектеп ұжымының алдағы уақыттағы жоспары жылына 5-6 мың түрлі өсімдік егіп, өсіру. Бұл шаруаның қолдан келетініне де нық сенімді.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг