Аягөз қаласындағы сапасыз үй сарсаңға салды

Аягөз қаласында мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған үйлер сапасыз болып шықты.

Тұрғындардың айтуынша, жаңа баспаналардың көпшілігі суық. Бірінің қабырғасы жарылып, дымқылданып, көгеріп кеткен. Екіншісінің едені мен төбесі жұқа. Ал жергілікті әкімшіліктің бұған айтар өз уәжі бар.

Азамат Қасым, тілші:

- Мына үйлердің сыртынан қарасаңыз мін жоқ. Ал ішіне кірсеңіз сын көп. Мәселен, мына үйдің ішкі қабырғалары жарылып кеткен. Тіпті саусақ сыйып кетеді.

Бұл үйдің қабырғасы ғана емес, едені де сыр берген. Төсеніштері қырық жамау. Көпбалалы ана Әлия Омарбаева 2021 жылдан бері осында тұрып келеді. Содан бері проблемадан көз ашпаған. «Үйді жылытамыз деп қарызға белшеден баттық» дейді ол.

Әлия Омарбаева, көпбалалы ана:

- Бір изоверді мен 7 жарым мыңға сатып алдым. Менің төбемде қазір 25 изовер тұр қазіргі таңда. Былай қарасаңыз, батарейканың өзін сатып алдым. 11-12 мың теңгеден. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай. Линолиумдардың бәрі құрама құрама. Бізде міне 58 ата-ананың арыз-шағымдары бар. Бәрі осындай состояниеде, үйлердің түгелі.

Ал Нұрлан Елтайдың үнемі қолынан шүберек түспейді. Терезесі жиі дымданып кетеді. Ал үйдің қабырғасы адам қарағысыз. 

Нұрлан Елтай, қала тұрғыны:

- Сау орын жоқ қой. Көріп тұрғандарыңыздай, күн суықта мындай шық болады. Кәдімскідей. Балдырланып, көгереді. Шөп өсіп кетеді. Күнде таңертең сүртіп аламыз. Мынаны енді құрылысшылар емес, жынды адам біледі ғой. Сыртқы кірпіш бар ғой облицованный, сонымен екі ортаға пенаплекс салынбаған.

Жалғызілікті ана Эльвира Әсенова үйіндегі электр жүйесінің дұрыс құрылмағанына шағымданды.

Эльвира Әсенова, жалғызілікті ана:

- Бір жыл мен светсіз отырдым. Екі комнатаның светы жоқ болды. Ол кезде тоқпен салақтатып қойғам. Үлкен студент қызымның қолын соқты. Бес жастағы баламды тоқ соқты. Сапа жоқ. Вообще. Тоғынан бастап мына үйде. Бәленбай тонна көмір аламыз. Міне, бітті. Көмір қорамда алдында алған. Екі жарым тонна алғам. Болды. Осы Алла бұйырса, асп алсам, тағы түсірем көмір.

Күміс Ілебаева, қала тұрғыны:

- Төбесі жұқа. От жақпасаң сразу аңырап кетеді. Паровойлардың өзі  тесік-тесік. Су ағып тұрады. Соның бәрін жөндесін. Айттық, неше айттық. Суық-суық деп айтамыз. Келіп көріңдер десең көрмейді ешқайсысы да.

Жергілікті әкімшілік бұл мәселені жақсы біледі. Бұған дейін 20-ға жуық үйдің есіктерін ауыстырып беріпті. Енді сапасыз салынған баспаналарды ағымдағы жөндеуден өткізуге қаржы бөлмек.

Медет Тәтенов, Аягөз ауданы әкімінің орынбасары:

- Санаулы үйлерде кейбір кемшіліктер бар. Ол енді әкімдік тарапынан емес, сол тұрып жатқан тұрғындар тарапынан да болған кемшіліктер болды. Өйткені басқа үйлерді көрсеңіздер  тұрғындардың да байланысты көп нәрсе. Миллион теңге смета жасалып өткізіліп отыр. Бұл алғашқы үйлерге ремонт жұмыстарын жүргізуге. Енді тұрғындармен келіскенбіз. Осылай бір ағымдағы жөндеу жүргізіп береміз.

Халықтың әлеуметтік тұрғыдағы әлсіз топтарына берілетін үйлерді жеке кәсіпкерлер салған. Жергілікті әкімшілік дайын күйінде сатып алған. Аягөз қаласында 2020 жылдан бері 317 жалдамалы үй пайдалануға берілген.

Авторлары: Азамат Қасым, Медем Өмірханов