Орал қаласындағы 15 көпқабатты үйде 650 отбасы сусыз қалды

Әбубәкір Кердері көшесінде таңғы 9-да құбыр жарылып, бірнеше көше әп-сәтте көлкіген суға толды.

Қазір коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері жарылған құбырды ауыстырып жатыр. Ал тұрғындарға тіршілік нәрі арнайы көліктермен жеткізілді. Қыстың қақ ортасында апатты жағдайдың орын алуына су желілерінің тым ескіруі себеп болыпты. Облыс орталығында «Батыс су арнасы» серіктестігіне тиесілі 477 шақырым су құбыры болса, соның 60%-ның тозығы жеткен.

Әнуар Аркенов, сумен қамтушы кәсіпорын директоры:

- Ол көшедегі су құбыры 1975 жылы салынған екен. Содан бері еш жаңартылған жоқ. Қазір жол үстіндегі су толықтай сорылды. Жерді қазып жатырмыз. Тұрбаның шіріген тұсын тапқан соң, ол бөлігін толықтай ауыстырамыз. Бүгін қалпына келтіру жұмыстарын аяқтауға тырысамыз.